Басты жаңалықтар

Астаналықтар Мәңгілік алау маңына гүл шоқтарын қойды

Елордада 9 мамырға арналған кең ауқымды бағдарлама жоспарланған, деп жазды sputnik Қазақстан сайты.

Астана жұрты Жеңіс күні атап өтіп жатыр.

Қала тұрғындары Мәңгілік алау маңына балаларын ертіп келіп, гүл шоқтарын қойып жатыр. Астаналықтардың айтуынша, бұл – фашизмді жеңген ата-бабаларымыздың ерлігін ұмытпау үшін маңызды дәстүр.

Елордада 9 мамырға арналған кең ауқымды бағдарлама: концерттер, спектакльдер, көше акциялары, көрмелер және патриоттық іс-шаралар жоспарланған. Мереке бүкіл қала бойынша өтеді.

Сағат 12:00-де А. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры алдында мерекелік концерт өтеді.

Сондай-ақ 12:00-де Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайындағы қала алаңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен Жеңіс күніне арналған концерт ұйымдастырылады.

18:00-де театрда "Ар адамы – Бауыржан" спектаклі қойылады. Сол уақытта Жасөспірімдер музыкалық театрында "Мәншүк" спектаклі көрсетіледі.

18:00-де Амфитеатрда мерекелік концерт өтеді. Ал Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында симфониялық оркестрдің "Жеңіс күні" концерті ұйымдастырылады.