Көкшетауда жалғызбасты ананы қағып өлтірген әйелдің жүргізуші куәлігі болмағаны анықталды
Жалғызбасты ананы қағып өлтірген әйелге қатысты ақпарат шықты.
Көкшетауда жалғызбасты ананы көлік қағып өлтірді. Оқиғаға қатысты екі қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ақмола облысы полициясының мәліметінше, бір адамның өліміне себеп болған әйелдің жүргізуші куәлігі болмағаны анықталды. Сондай-ақ, ол көлік жүргізу бойынша оқудан өтпеген.
«Көкшетауда 52 жастағы әйелдің қаза болуына әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды. Көлікті басқарған әйелге қатысты адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелері мен көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында әйелдің көлік жүргізу құқығы болмағаны және тиісті оқудан өтпегені анықталды. Ал көлік иесі – оның жұбайына көлік жүргізу құқығы жоқ адамды рөлге отырғызғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған», – деп мәлімдеді Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
11 мамыр күні Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдікті әйелге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде адам өлімімен аяқталған жол апатының видеосы тараған болатын. Қайғылы жағдай 2026 жылдың 9 мамырында болған. Видеода көлік тұраққа кіре берісте алдымен жолдың жиегіне соғылған. Содан кейін жаяу жүргіншіні қағып, үстінен басып өткені көрінеді.