Қоғам

"Дубайдан пәтер, 3 үй мен 3 көлікке тыйым салынды": Шымкентте түрмеде отырған сотталушы колледж арқылы бюджеттен ақша жымқырып отырған

Колледждерге азаматтар тек құжат жүзінде қабылданып отырған.

Шымкентте "Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі" мен "Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжінің" басшылары жылдар бойы жалған студенттер арқылы бюджеттен 1,3 миллиард теңге жымқырып келген. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, жалған оқыту схемасын екі колледж де 2018-2023 жылдар аралығында ұйымдастырған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Тергеу мәліметінше, колледждерге азаматтар тек құжат жүзінде қабылданып отырған. Бірақ іс жүзінде олардың ешбірі білім алмаған. Ал колледждердің бірі нақты жұмыс істемесе де, мемлекеттен қаржы алып отырған.

“Қылмыстық схемаға колледж басшылары, бухгалтерлер және өзге де байланысы бар тұлғалар қатысқан. Азаматтар оқу орындарына формалды түрде қабылданғанымен, іс жүзінде білім алмаған. Осының арқасында олар мемлекеттік білім беру гранттары мен қайта даярлау бағдарламалары арқылы бюджеттен ақша алып отырған. Ал схеманы іске асыру үшін жалған оқуға қабылдау, жұмысқа орналастыру туралы құжаттар дайындалып, электронды қолтаңбалар пайдаланылған және жалған есептер жасалған”, – делінген хабарламада.

"Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі" іс жүзінде жұмыс істемеген, яғни, мемлекетке 1,3 миллиард теңгеден аса залал келтірген.

Тергеу барысында күдіктілер 65 млн теңге көлеміндегі залалды ерікті түрде өтеген. Одан бөлек сот санкциясымен 3 пәтерге, оның ішінде Дубай қаласындағы пәтерге, 3 тұрғын үйге және 3 автокөлікке тыйым салынған.

Екі күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, тағы үш тұлғаға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.