Қоғам

Жетісу облысында полицияны шапалақпен ұрған ер адам екі жылға сотталды

Полицияны ұрған ер адамға үкім шшықты.

Жетісу облысында сот полицейге шабуыл жасаған жергілікті тұрғынға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Оқиға Қаратал ауданында учаскелік инспектор "102" пультіне түскен шақырту бойынша барған кезде болған.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қызметтік міндеттерін атқару кезінде полицей ер адамның ашулы жағдайына іліккен. Сотталушы тәртіп сақшысының бетінен бірнеше рет ұрып, қызметтік бейнежетонын жұлып алған және погонын зақымдаған.

Сотта мемлекеттік айыптаушы ер адамның кінәсін дәлелдейтін айғақтарды ұсынды. Істі қарау қорытындысы бойынша оған 2 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ сот сотталған адамды мәжбүрлі еңбекке тарту туралы шешім шығарды. Мемлекетке келтірілген материалдық шығын толық көлемде өндірілді. Үкім заңды күшіне енді.

Жетісу облысының прокуратурасы құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты кез келген заңсыз әрекеттер қатаң жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.