Депутат кейбір ұялы байланыс операторларының тарифтері 300%-ға дейін өскенін айтты
Кейбір ұялы байланыс операторларында өсім 3%-дан 300%-ға дейін болса, енді бірінде 14%-дан 75%-ға дейін болған.
Мәжілісте депутат Нартай Сәрсенғалиев кейбір ұялы байланыс операторларының тарифтері 300%-ға дейін өскенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сәрсенғалиевтің айтуынша, байланыс бағасы күрт өскен.
“Менің қолымда статистика бар. Мысалы, 2022 жылдан бері тарифтердің өсуі 20%-дан 90%-ға дейін жеткен. Кейбір ұялы байланыс операторларында өсім 3%-дан 300%-ға дейін болса, енді бірінде 14%-дан 75%-ға дейін болған”, – деді депутат.
Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиев операторларда әртүрлі тарифтер, соның ішінде әлеуметтік тарифтер де бар екенін айтты. Сондай-ақ, әлеуметтік тарифтердің бағасы көтерілмегенін жеткізді.
Дегенмен министр тарифтердің жалпы қымбаттау үрдісі бар екенін және бағаның өсуіне инфрақұрылымға салынған инвестициялар, 4G-ден 5G-ге көшу және ауылдық елді мекендерге интернет тарту керегі әсер еткенін айтады.