Елімізде тұрғын үй қымбаттайды
Үйдің бағасы үш жылдан кейін өсе бастайды.
Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында алдағы үш-бес жылда баға тағы өседі. ҚР Риелторлардың өзін-өзі реттейтін қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко осындай болжам айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі TengriHome сайтына сілтеме жасап.
Сондай-ақ сарапшы бұған не себеп болатынын түсіндірді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайға түсініктеме берген Нина Лукьяненко қазір бағаның күрт өсуін күтудің қажеті жоқ екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл сегменттің стагнацияда тұрғанына бір жылға жуықтады. Спикер ресми статистикаға сүйене отырып, "шаршы метр" құнының айтарлықтай өзгермей жатқанын алға тартты.
"Кейінгі айлардағы статистикаға қарасақ, қаңтарда желтоқсанмен салыстырғанда баға 2,5 пайыз, ақпанда 0,2 пайыз, наурызда 0,1 пайыз, сәуірде 0,6 пайыз өсті. Бағаның жалпы алғанда бір орында тұрғанын көріп отырмыз", - деді спикер.
Сарапшының айтуынша, іс жүзінде бағаның өсуі тек номиналды сипатқа ие. Бірақ мұнда статистика нақты мәмілелер негізінде емес, жарнамалық ұсыныстардағы бағаларды талдау негізінде жасалатынын түсіну керек, дейді ол. Бұл жалпы көріністі бұрмалауы мүмкін. Пәтер бағасына келер болсақ, мұнда қайталама нарықтың төмендеуі анық байқалады. Себептер қатарында ескі тұрғын үй қорынан пәтер сатып алуға арналған ипотекалық өнімдердің аздығы бар.
"Жақын болашақта біз инфляция деңгейіне тәуелді боламыз, өйткені жылжымайтын мүлік те басқалар сияқты тауар. Егер барлық тауар мен қызметтер бағасы өзгерсе, шаршы метр құны да сол бағытта өзгереді", - дейді Нина Лукьяненко нарықтың даму барысы туралы.
Лукьяненконың болжамынша, баға үш-бес жылдан кейін өсе бастайды. Бұл ірі қалаларға көші-қонның артуымен және елдегі халық санының өсуімен байланысты. Спикердің есебінше, 2008-2009 жылдардағы бэби-бум кезеңінде дүниеге келген балалар ер жетті. Енді олар да өздерінің баспана мәселесін шешуі керек.