Париждегі құны 65 млн еуро тұратын үйді сатып алған қазақстандық кім екені анықталды
Жалпы аумағы 12 мың шаршы метрді құрайтын сән салтанатты үй былтыр Париждеге ең қымбат келісім болған
"Біз Франциядағы әріптестерімізге сұрау салдық. Олардан жауап келді, бірақ салық төлеуші өзі туралы мәліметтерді жариялауға рұқсат берген жоқ. Сондықтан біз айта алмаймыз. Ол үкімет адамы емес", — деді комитет төрағасының орынбасары Мәди Тақиев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында. Еліміздің кірістер комитетінің мәліметіне сәйкес, Париждегі пәтер заңды түрде сатып алынған. Оның қожайыны үкіметке жұмыс істемейді. Комитет төрағасының айтуынша, үйдің барлық салықтары уақытылы төленген. Кейін Мәди Тақиев Франция еліне хатты ек рет жолдағанын айтты. Оның біріншісіне жауап сол күйі келмеді, ал екінші хатында кіріс көзі көрсетіліпті. "Екінші рет жіберген хатқа жауап келді. Біз бұл компанияның табыс көзін қарадық. Пәтер адамның атына емес, компанияға тіркелген. Сәйкесінше біз компанияның кірісі мұндай пәтер сатып алуға мүмкіндік беретінін анықтадық. Салық төленген. Салық құпиясы деген бар, сондықтан біз оны жариялай алмаймыз", — деп түсіндірді ол. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айында Mansion Global жылжымайтын мүлік агенттігінің сайты Қазақстан үкіметінің ресми өкілі Парижде құны 65 миллион еуро немесе 25 миллиард теңге болатын қымбат пәтер сатып алды деген ақпарат таратқан болатын. Агенттіктің мәліметінше, қауіпсіздік деңгейі аса жоғары үйдің аумағы 13 мың шаршы футқа (12 мың шаршы метр) жуықтайды. Пәтерде бес жатын бөлме, бес жуынатын бөлме, сондай-ақ SPA-аймақ және үй қызметкерлеріне арналған бөлмелер бар. Бұған қоса үйде аумағы 55 шаршы метр паналайтын арнайы орын, оқ өтпейтін шыны және қауіпсіздік қызметіне арналған бөлмелер қарастырылған. Сән салтанатты үй қаланың басты сауда көшелері орналасқан "Алтын үшбұрыш" ауданындағы Авеню монтеньде, Елисей алаңына жақын жерде орын тепкен. Терезеден әйгілі Plaza Athénée бес жұлдызды қонақ үйі көрініп тұр. Пәтерді бельгиялық риелтор Игнас Мювиссен сатқан. Сайттың хабарлауынша, оның Мәскеудегі агенттігі бұрынғы кеңестік республикалардың азаматтарына қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, элиталық үйді қазақстандыққа ресейлік инвестициялық компанияның басшысы сатқаны хабарланды. Мювиссен сатып алған адамның есімін жариялаудан бас тартты. Тек оның Қазақстан үкіметінің өкілі екенін ғана айтты. Риелтордың айтуынша, бұл былтырғы Париждегі ең қымбат келісім болған. Сондай-ақ, қазақстандық пәтермен бірге төрт көлік — күзет қызметі үшін екі Mercedes G, жеке пайдалануға екі Maybach темір тұлпарын сатып алған.