Басты жаңалықтар

Ақтауда полиция қызметкері бір жарым жас баланы қағып кетті: куәгерлер оқиға туралы айтты

Қайғылы жағдай кеше күндіз болған.

Ақтауда полиция қызметкері қызметтік көлікпен бір жарым жастағы баланы қағып кетті. Ауыр жарақат салдарынан бүлдіршін көпқабатты үйдің ауласында жан тапсырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиғаны өз көзімен көрген куәгерлер бар.

"Мен өз көзіммен көрдім: мына жерде бала тұрған, сол кезде полицейлердің көлігі кенет келіп, артқа қарай жүрді. Сол сәтте баланы қағып кетті. Мен “Ойбай!” деп айқайлап жібердім. Өзім мына жерде, орындықта отырғанмын. Кейін ол көлікті ана жаққа апарып қойды. Артынша әкесі келді, ол ана подъезде тұрады. Баланы көтеріп алып кетіп қалды. Басқа ештеңе білмеймін", – дейді Оразбай Сапарбаев.

Қайғылы жағдай кеше күндіз болған. Сәби әкесімен бірге алаңда ойнап жүрген. Көршілердің айтуынша, кішкентай бүлдіршіннің анасы ол кезде перзентханада жатқан. Бір сәтте ер адам басқа нәрсеге алаңдап кеткенде, бала жолға жүгіріп шыққан. Сол кезде жол талғамайтын Лексус 570 маркалы көлікті басқарған жүргізуші артқа айдап бара жатып, баланы байқамай қалған.

Қызметтік көліктің тізгінінде 28 жастағы полиция қызметкері болған. Ол баласынан айырылған отбасымен көрші тұрған. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды. Белгілі болғандай, ол барлық сараптамадан өткен, қанынан алкоголь мен психотроптық заттар табылмаған.

“Қазір барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Маңғыстау облысы полиция департаменті қаза тапқан баланың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Департамент басшылығы аталған оқиғаны ерекше бақылауға алды”,  – деп мәлімдеді Маңғыстау облысы полиция департаменті.

Полиция "абайсызда адам өліміне әкелген жол қозғалысы ережесін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.