Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"70 мың теңге үшін өлімші етіп сабап тастады": Алматы облысында 26 жастағы жігіт жұмбақ жағдайда көз жұмды

"70 мың теңге үшін өлімші етіп сабап тастады": Алматы облысында 26 жастағы жігіт жұмбақ жағдайда көз жұмды
Сурет: kriminal_kazakhstan
26 жастағы жігітті досы ақша үшін сабап тастаған.

Әлеуметтік желіде Алматы облысында 26 жастағы жігіттің өлімі туралы ақпарат тарады. Марқұмның туыстарының айтуынша, оны досы 70 мың теңгеге бола аяусыз соққыға жыққан көрінеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы марқұмның ағасы Threads желісінде жазба жариялады. Оқиға Боралдай кентінде болған.

Оның айтуынша, 26 жастағы інісі досымен бірге кәуапхана ашқан. Олар күнделікті түсімді теңдей бөлісуге келіскен. Бірақ сол күні жігіт ақшаны жұмсап қойып, содан арада жанжал шыққан.

Туыстары оқиға 10 мамырда “Эдельвейс” кафесінде болғанын айтады. Сағат 20:18 бен 21:04 аралығында жігітті қатты соққыға жыққан. Марқұмның ағасы оның 3,5 литр қан жоғалтқанын, сондай-ақ басынан доғал затпен ұрған дейді.

Ал жедел жәрдем 21:04-те ғана шақырылған. 26 жастағы жігіт реанимацияға бара жатқан жолда жедел жәрдем көлігінде көз жұмған. Алдын ала сараптамаға сәйкес, жәбірленушінің көкбауыры жарылып, кейін қан құса бастаған. 

“Оны жартылай өлімші етіп сабағаннан кейін жедел жәрдем шақырудың орнына, алдымен інімді өз үйіне апарып, жуындырып, киімін ауыстырған. Содан кейін ғана жедел жәрдем шақырып, оны алып кеткен”, – деп жазды ол.

Оқиға орнында екі адам болған. Сөздерінше, біреуі жігітті ұрған, ал екіншісі жанында қарап тұрған.

“Ол жерде екеуі болған. Біреуі ұрған, екіншісі жанында қарап тұрған. Әділдікке қалай қол жеткіземіз? Арыз беруге бардық, бірақ оны екінші рет қана, оның өзінде құлықсыз қабылдады. Барлық айғақ пен дәлел қолымызда. Бірақ құқық қорғау органдары пара күтіп отырған сияқты. Мұндай жағдайда істі сотқа жеткізу үшін не істеуіміз керек?” – дейді жігіт.

Марқұмның жақындары істің әділ тергеліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Алматы облысы полиция департаменті бұл дерек бойынша соталды тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

“Тергеудің қазіргі кезеңінде марқұмның туыстары айтқан барлық уәж жан-жақты тексеріліп жатыр. Жиналған материалдарға сәйкес, ер адамның жағдайы нашарлап, жедел медициналық жәрдем бригадасы оны ауруханаға жеткізген. Кейін ол сол жерде қайтыс болды”, – делінген полиция хабарламасында.

Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жалғасып жатқанын хабарлады.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар