Қоғам

Қазақстандықтар отбасын құруға неге асықпайды: себебі айтылды

Соңғы жылдары қазақстандықтар отбасын кешірек құра бастады.

Ұлттық статистика бюросы соңғы он жылда елде тіркелген некелер саны шамамен 22%-ға азайды. 2015 жылы елімізде 148,8 мың неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 116 мыңға дейін төмендеген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Сонымен қатар, некелесу коэффициенті де азайған. 2015 жылы әр мың адамға шаққанда 8,48 неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,69-ға дейін түскен.

Ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында тіркелген — әр мың адамға шаққанда 6,75 неке. Ал ең төмен көрсеткіштер Қызылорда облысында — 5,06 және Батыс Қазақстан облысында — 5,1 болды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елордадағы неке деңгейінің жоғары болуы жастар миграциясының белсенділігімен және еңбекке қабілетті жастағы тұрғындардың көптігімен байланысты.

Қазақстандағы некелесудің шарықтау кезеңі 2012–2013 жылдарға сәйкес келеді. Ол кезде көрсеткіш әр мың адамға шаққанда 9,8–9,9 некені құраған.

Статистика мамандары некелер санының азаюының бір себебі ретінде демографиялық толқынды атайды. Қазір неке жасына 1990-жылдардың соңында туған буын жетіп отыр, ал ол кезеңде елімізде туу көрсеткіші айтарлықтай төмен болған.

Бұдан бөлек, қазақстандықтар отбасын кешірек құра бастады. Соңғы он жылда алғаш рет некеге тұрудың орташа жасы ерлер арасында 27,9 жасқа, ал әйелдер арасында 25,3 жасқа дейін өскен.