Қоғам

17 мамыр – Байланыс қызметкерлері күні

17 мамыр күні Қазақстанда телекоммуникация желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, заманауи қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналған байланыс саласында еңбек ететін мамандардың кәсіби мерекесі – Байланыс қызметкерлері күні атап өтіледі.

Бұл мереке Қазақстан 1992 жылдан бері мүшесі болып табылатын Халықаралық электр байланысы одағы (ХЭО) бекіткен Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам күніне орайластырылған. 

«Бүгінде дәл осы техникалық мамандар желілік инфрақұрылымның үздіксіз жұмысын, телекоммуникациялық технологиялардың дамуын және елді мекендерді заманауи байланыс қызметтерімен қамтамасыз етуді жүзеге асырып отыр. Олардың кәсібилігі байланыс сапасына, интернеттің қолжетімділігіне және елдің цифрлық инфрақұрылымының тұрақтылығына тікелей әсер етеді», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев. 

Қазіргі таңда Қазақстанның телекоммуникация саласында шамамен 35 мың адам еңбек етеді. Соңғы жылдары елімізде байланыс инфрақұрылымын дамыту, мобильді интернет қамту аясын кеңейту және ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. 

Қазақстан байланыс сапасы көрсеткіштері бойынша да тұрақты өсім көрсетіп келеді. Мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 94,54 Мбит/с-қа жетті. Инфрақұрылымды жаңғырту аясында ауылдық өңірлер кезең-кезеңімен ескірген 3G желісінен заманауи 4G стандартына көшірілуде. Ал 5G технологиясы бүгінде мегаполистерді, облыс орталықтарын, сондай-ақ Алатау мен Қорғас қалаларын қоса алғанда, 20-дан астам қалада енгізілді. 

Кәсіби мереке қарсаңында Астанада телекоммуникация саласының техникалық мамандары арасында жыл сайынғы салалық байқау өтті. Биыл жарысқа Қазақстанның 9 телекоммуникациялық компаниясының мамандары қатысты. Қатысушылар тұрақты әрі сапалы байланысты қамтамасыз етудегі негізгі бағыттардың бірі саналатын талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) дәнекерлеу бойынша тәжірибелік дағдыларын көрсетті. 

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері, екінші орынды «Транстелеком» АҚ, үшінші орынды «КаР-Тел» ЖШС иеленді.

Мерекелік іс-шаралар телекоммуникация саласының дамуына үлес қосқан қызметкерлерді салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталды. Үздік мамандарға мемлекеттік және салалық наградалар, соның ішінде «Құрмет», «Еңбек ардагері» және «Байланыс саласының үздігі» атақтары табысталды. 

Байланыс қызметкерлері күнін атап өту сала мамандарының цифрлық экономиканы дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және Қазақстан азаматтарының өмір сапасын арттыруға қосқан үлесін айшықтай түседі.