Басты жаңалықтар

LRT желісіндегі іркілістерге жолаушылардың қауіпсіздік ережесін бұзуы себеп болған

Астанадағы LRT желісіндегі іркілістерге жолаушылардың қауіпсіздік ережесін бұзуы себеп болған. Бұл туралы CTS компаниясы хабарлады.

Компанияның мәліметінше LRT желісінде кейбір жолаушылар қауіпсіздік ережесін сақтамаған.

Атап айтқанда жолаушылар:

шұғыл тежеу батырмасын негізсіз басқан,

платформалық есіктерді шұғыл ашу батырмасын іске қосқан,

вагон есіктерін ішінен өз бетінше ашуға әрекет жасаған;

есік жақтауларының арасына қолын салып, есіктердің жабылуына қасақана кедергі келтірген.

"LRT жүйесі толық автоматтандырылған, сондықтан мұндай әрекеттер қауіпсіздікке ықтимал қатер ретінде қабылданады. Бұл пойыздың тоқтауына және тексеріс жүргізуге себеп болады", - деп түсіндірді мамандар.

CTS компаниясы жолаушыларды LRT пайдалану ережесін сақтауға шақырды.

"Әрбір құрамның ішінде LRT пойызының операторы бар, ол қажет болған жағдайда электр қуаты ажыратылғаннан кейін ғана есіктерді ашады", - деп жазылған хабарламада.

Барлық құқық бұзушы стансалар мен вагондардың ішінде орнатылған бейнебақылау камералары арқылы анықталады. Материалдар полицейлерге беріледі.