Қоғам

Алматы облысында полицей әйелін көлікпен қағып өлтірді

38 жастағы әйелді полиция көлігі қағып өлтірді.

Алматы облысының Балқаш ауданында 38 жастағы әйелді полицей болып істейтін күйеуі көлікпен қағып өлтірген. Бұл туралы ақпарат желіде тарады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

БАҚ мәліметінше, 16 мамырда Балқаш аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қапшағай – Бақанас тасжолында жұбайын қағып өлтірген.

Алматы облысы Полиция департаменті әйелдің қаза болғанын растады. Қылмыстық іс қозғалды.

ПД мәліметінше, қылмыс жасады деген күдікпен 37 жастағы ер адам ұсталған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Оқиға салдарынан әйел сол жерде көз жұмды. Қазіргі уақытта болған жайттың барлық мән-жайын объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.