Мәдениет

"Туған сіңілімдей жақын еді": Гүлзира Айдарбекова қайғылы хабарды жеткізді

Гүлзира Айдарбекованың марқұм блогер туралы жазған жазбасы көпшілікті елжіретті.

Продюсер Гүлзира Айдарбекова кәсіпкер әрі блогер Сәуле Базарханның қазасына байланысты әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Өнер иесі марқұмды туған сіңлісіндей көргенін және қазасын ауыр қабылдағанын жасырмады.

"Екі түн мүлдем ұйықтай алмадым, "Гүлеке" деп ыржитып кіріп келіп қалатындай, қоңырау соғатындай. Ташкентке концертке құда-құдағиларымызбен бірге барып, ары қарай бірге демалыс орындарына барып демаламыз деп, келісіміз бойынша Шымкентке демалыс ұйымдастырып, ертерек ұшқанбыз. Ұшақтың қонғаны сол, қаншама пропущенный звонок. Құрбыларым да, бала-шағам да суық хабарды естіп, тоқтамай звондай берген ғой. Жаным тыныш таппай, қонақтарымды тастап, қайта ұшып кеттім. Ең болмаса жер қойнына Сәулешімді жерлемей тұрып, көзіммен көргім келді", – деп жазды продюсер. 

Алайда продюсер ертеңіне Ташкентте концерті болғандықтан, қайта ұшуға мәжбүр болғанын жазды.

"Үйіне бардым, кірдім көрдім, моп-момақан болып ұйықтап жатыр, өзі де өте сабырлы еді. Кешкі қонақ асына бауырлары, құрбыларым жиналып күтіп отыр екен, жылау да жылау болып түнде үйімізге тарадық. Бүгін Ташкентте концертіміз, Жұлдыз, Заңғар, Индираға сендер жаназасына, құранға барыңдар, Сәуле туған сіңлімдей жақын екенін білесіңдер деп, өзім амалсыз қайта ұшып кеттім, иә, анашым деп түгел барып, көңіл-күйлері түсіп қайтты. Келгендердің бәрі, ерлер де, әйелдер де егіліп жылап, тіптен сөйлей алмай қимастықтарын білдірді", – деді Гүлзира Айдарбекова.