Қоғам

"Өлім жазасына да, өмір бойы түрме жазасына да дайынмын": Сұлтан Сәрсемәлиев сотта қылмысты қалай жасағанын айтып берді

40 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев әйелінің әке-шешесін және екі бауырын өлтірді деп айыпталып отыр.

Атырау облысында әйелінің әке-шешесі мен бауырларын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі басталды. Ол мұндай қылмысқа не үшін барғанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев әйелінің әке-шешесін және екі бауырын өлтірді деп айыпталып отыр. Сот отырысында прокурор Сұлтан Сәрсемәлиевтің Ақбаян Мұқанғалиевамен қалай танысқанын айтып берді. Айыптау деректеріне сәйкес, олар 2016 жылы Атырау қаласында танысып, сол жылдың мамыр айында ресми түрде некесін тіркеген. Ерлі-зайыпты бес баланы дүниеге әкелген.

«Жасаған қылмысыма да, оған беретін кез келен ауыр жазаға да дайынмын. Өлім жазасына да, өмір бойы түрме жазасына да дайынмын. Барлық қылмыстарымның басты себебі – өзіме және отбасыма жасалған әрекеттеріне қасақана қастандықпен жауап бердім», - деді ол.

Әйелінің туыстары оларды отбасына жақын жерге қоныстануды ұсынған. Алайда Сәрсемәлиев бұған келіспеген. Сөйтіп  2022 жылы ерлі-зайыпты сот арқылы ресми түрде ажырасқан. Балалар анасында қалған. Алайда 2023 жылдың басында Сәрсемәлиев Атырау қаласынан үй жалдап, бұрынғы жұбайы және балаларымен қайта бірге тұра бастаған.

 «Әйелімнің үй-іші отбасыма араласып, әйелмен ажырастырғысы келді. Сонда да бөлінгіміз келмей бірге тұра бердік. Ал, олар (өзі өлтірген төрт адам - ред) қайта-қайта қоқан-лоққы көрсетіп, отбасыма араласуын тоқтатқан жоқ. Әйелімді менен тартып алып, «саған да жоқ, әке-шешеңе де жоқ» деп өз балаларыммен өзімді бопсалағаны – осы қылмысқа итермеледі. Адам төзгісіз ар-намысыма тиетін ауыр сөздер айтты. Осы уақытқа дейін отбасымды сақтап қалуға әрекеттер жасадым. Балаларымды әкесінен де, анасынан да айырғым келген жоқ. Ең соңғы сәтте отбасымды сақтап қаламын деген жігерім таусылып, олардың іс-әрекеттері мен сөздері ақылымнан ажырастырып, жүйкемді жұқартып, адами болмысымды күйретіп жіберді. Сондықтан, осындай қылмысқа бардым», - дейді сотталушы.

Оның айтуынша, ол отбасын сақтап қалғысы келген. Сол себептен де осындай қылмысқа барған.