Қоғам

Қазақстанда зейнетақы жинағының төменгі шегі 79 пайызға дейін өсуі мүмкін

Зейнетақы қорынан ақша алу жалғаса береді, бірақ мөлшері төмендейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстанда зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегі 23-63 жас аралығындағы азаматтар үшін 79%-ға дейін көтерілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Министрдің сөзіне сүйенсек, жасына қарай әртүрлі болады, яғни 23-35 жас және 35-63 жас аралығындағы азаматтарға жеке-жеке есептеледі.

«Бұл әртүрлі деңгейде болады – 23-тен 35 жасқа дейінгі және 35-тен 63 жасқа дейінгі азаматтар үшін қарастырылған. Жалпы алғанда, өсім шамамен 79%-ға дейін жетеді. Қазір біз формуланы, есептеулерді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен бірге дайындап жатырмыз. Барлығы ресми түрде жарияланады. Осы айдың соңына дейін бәрін егжей-тегжейлі түсіндіреміз деп ойлаймын», – деді ол БАҚ өкілдеріне.

Сондай-ақ, ол зейнетақы қорынан ақша алу жалғасатынын, бірақ мөлшері төмендейтінін айтты.

«Зейнетақы қорынан ақша алу жалғаса береді, бірақ оны барынша азайту қажет. Талдауымызға сүйенсек, соңғы бес жылда 5,7 трлн теңге алынған. Оның басым бөлігі несиелерді жабуға жұмсалған», – деді министр.

Министрдің пікірінше, банктер үшін зейнетақы қаражатының жүйеден шығарылуы тиімді, өйткені бұл ипотекалық несие беруге мүмкіндік ашады. Сонымен бірге барлық адамдар болашаққа қаржы жинау қажет екенін және әлемің барлық елінде қаражат жинау бар екенін айтты.