"Орталық Азия – Қытай" форматы елдеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді - Тоқаев
Тоқаев "Орталық Азия-Қытай" форматы елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үлгісі болатынына сенімді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада "Орталық Азия-Қытай" форматындағы елдердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерін қабылдады. Бұл елдеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде өзара үйлесімді, нақты шешімдердің үлгісі болатынына сенім білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Ақордағы сілтеме жасап.
Президенттің пікірінше, қылмыстық элементтердің өңірдегі ішкі тұрақтылықты бұзуына жол беруге болмайды. Бұл орайда жүйелі әрі батыл әрекеттер қажет.
"Қазақстан заң үстемдігін қамтамасыз етуді құқық қорғау қызметі ғана емес, мемлекеттік саясаттың стратегиялық басым бағыты ретінде қарастырады. Біз "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын дәйекті түрде нығайтып келеміз. Аталған қағидат жаңа Конституциямызда елімізді одан әрі жаңғыртудың басты алғышарттарының бірі ретінде көрініс тапты. Маңызды міндеттердің бірі – ұйымдасқан трансұлттық қылмыстық топтардың қаржы ағынына тосқауыл қою. Экстремизм идеяларының таралуын, лаңкестік топтардың адамдарды интернет арқылы арбауын белсенді түрде әшкерелеп, террорлық актілерге астыртын әзірлік әрекеттерін алдын ала анықтаған жөн ", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыс азаматтарымызға, бизнеске және мемлекеттік органдарға зардабын тигізіп отырғанын айтты.
«Заң талаптарына қайшы контент толассыз көбейіп жатыр. Осыған байланысты қазіргі ықпалдастық тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп, киберқауіпсіздікке қарсы проактивті іс-қимылға көшу керек», – деді Президент.
Президент өңірлік қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құру үшін «Орталық Азия – Қытай» форматының әлеуетін пайдалану қажеттігін жеткізді.
"Менің ойымша, ішкі істер министрліктері бір-бірімен ынтымақтастықты күшейтіп, қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп мәселелеріне қатысты ақпараттармен бөлісуге тиіс. Бұл халықтарымыздың арман-тілегіне толығымен сай келеді. Жұртшылық мемлекеттер басшыларынан өз елдерін тәртіпке келтіріп, қалыпты әрі қауіпсіз өмірге қолайлы жағдай жасау үшін аса шұғыл, тиімді шешімдер қабылдауды талап етіп отыр. Балаларымыз, жалпы халық ел басшыларының, ішкі істер министрлері мен басқа да ведомство жетекшілерінің заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын қабылдап жатқандарына көздері жетіп, өздерін қауіпсіз сезінуі қажет", – деді Мемлекет басшысы.