Басты жаңалықтар

Өз әйелін қағып өлтірді деп айыпталған полицейдің қылмысына қатысты жаңа деректер айтылды

Алматы облысының Балқаш ауданында адам өліміне әкелген жол апатына қатысты кей мәліметтер белгілі болды.

БАҚ мәліметінше, әйел полицей болып істейтін жұбайы мінген көліктің астына түскен, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Бұған дейін 16 мамырда Балқаш аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қапшағай – Бақанас тасжолында жұбайын қағып өлтіргені хабарланған. Медиа мәліметтеріне қарағанда, оқиға қызметтік көлікпен болған.

Қаза тапқан Дарина Кабдулданованың туыстары телеарнаға берген сұхбатында жол үстінде ерлі-зайыпты арасында жанжал шыққанын айтты. Күйеуі оны жол жиегіне қалдырып кетіп, кейін қайта алып кету үшін оралған. Болжам бойынша, сол сәтте Дарина жолдың жүру бөлігінде отырған. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.

Туыстарының айтуынша, олардың 37 жастағы күйеу баласы аудандық полиция бөлімдерінің бірінде бастықтың орынбасары қызметін атқарады. Ол қызметтік көлікті басқарған. Бұрын Дарина да полиция саласында жұмыс істеген, олар сол кезде танысқан екен.

Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме бермеді. Күдіктінің ұсталғаны белгілі. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"Полиция қызметкерлері әйелін қағып кетті деген күдікпен 37 жастағы ер адамды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Оқиға салдарынан әйел алған жарақаттарынан сол жерде мерт болды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.