Басты жаңалықтар

"Сұлтан мен Ақбаянға үнемі көмектесіп келген": Атырауда күйеубаланың қолынан қаза тапқан отбасының туысы тың дерекпен бөлісті

Атырау облысында күйеубаланың қолынан қаза тапқан отбасының туысы тың мәлімет айтты.

Атырауда кісі қолынан қаза тапқан отбасының туысы Әдемі Мұқанғалиева марқұм туралы айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Әдемі бауырын соңғы рет қыркүйек айында көрген, кейін онымен жиі телефон арқылы сөйлесіп тұрғанын айтады. Алайда кейін белгілі болғандай, ағасының телефонынан Сұлтан жазып отырған. 25 желтоқсан күні ол полицияға барып, ағасының отбасы жоғалып кеткенін хабарлаған.

"Бауырымды соңғы рет қыркүйекте көрдім, телефон арқылы жиі хабарласып тұратынбыз. Ал қарашадан бастап ағамның телефонынан Сұлтан жазған екен. Сұлтан мен Ақбаянды жақсы танимын. 2023 жылы Ақбаян әкемнің туған күніне келді, Сұлтан болған жоқ. Кейін олар ажырасып кетті. Бұған не себеп болғанын білмеймін", – деді Әдемі Мұқанғалиева.

Марқұмның туысының айтуынша, ағасы мен оның жұбайы Сұлтан мен Ақбаянға үнемі көмектесіп келген.

"Бауырымның отбасы қарапайым еді. Өз еңбектерімен күн көрді, бәрін өздері тапты. Зейнетақымен және мал шаруашылығымен өмір сүрді. Барынша бәріне көмектесетін. Наурыз өте мейірімді, еңбекқор адам еді. Мейрамгүл үшінші топтағы мүгедек болатын, үйде отыратын, үнемі анасының қасында жүретін", – деді ол.

Әдемі Мұқанғалиева сотталушының туыстары марқұмдардың отбасына келіп, көңіл айтпаған және кешірім де сұрамаған.

"Қайғылы жағдайдан кейін бізге ешкім келген жоқ, кешірім де сұрамады. Сұлтанның отбасымен аса араласпайтынбыз, олар тұйық адамдар еді. Ақбаян қазір психиатриялық ауруханада. Бізге онымен кездесуге рұқсат бермей отыр. Жақында медициналық мекеменің директорының атына кездесуге рұқсат сұрап арыз жаздым. Қазір жауап күтіп отырмын ", – дейді марқұмның әпкесі.

Марқұмның әпкесі соттан әділдік күтетінін және оған ең қатаң жаза тағайындалуы керек екенін айтады.