Астанадағы кейбір дәмханалар мен мейрамханаларда ит еті араласқан фарш сатылған
Қоғам белсендісі кейбір дәмханаларда ит еті араласқан фарш сатылғанын айтады.
Қоғам белсенділері Сергей Снегирев пен Темірлан Тоспаев Тимур Балымбетовтің "ЧЕСТНОГОВОРЯ" подкастында ит етінің көлеңкелі айналымы мен жануарларды аулау жүйесіндегі заңсыз схемалар жөнінде айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Олардың айтуынша, Астанада тінту кезінде 750 келі ит еті табылып, кейбір қоғамдық тамақтану орындарына аралас фарш жеткізілген.
Зообелсенді Темірлан Тоспаевтың айтуынша, Оралда қаңғыбас иттерді аулау бойынша тендерді ет өңдейтін компания жеңіп алған.
"Қоғамдық дәмханалар тұтас емес, аралас тартылған ет сатып алған. Қарапайым тілмен айтқанда, ит еті араластырылған фарш. Мұның бәрі сот қаулысында көрсетілген, дәлелденген нәрсе. Бұл өсек емес. Әңгімелердің аудиожазбалары бар, бақылау мақсатындағы сатып алу жүргізілген", – деді қоғам белсендісі Сергей Снегирев.
"Мысалы, бірнеше жыл бұрын Алматы облысының Қарасай ауданында волонтерлер өз беттерінше зерттеу жүргізіп, иттерге арналған арнайы қасапхананы тапты. Сол жерден өлтіруге дайындалып тұрған тірі иттер, тіпті олардың арасында иесі бар иттер де болған. Қаңғыбас иттермен араласып жатқан", – деді қоғам белсендісі Сергей Снегирев.
Оның сөзінше, иттерді ұстап, изоляторға қамау арқылы олар бюджеттен ақша алған.