Басты жаңалықтар

Таяу Шығыстағы қазақстандықтарды эвакуациялауға 4 миллион доллар кеткен

Таяу Шығыстан қазақстандықтарды эвакуациялауға қанша қаржы жұмсалғаны белгілі болды.

Мемлекет Таяу Шығыстан қазақстандықтарды эвакуациялауға шамамен 4 миллион доллар жұмсады. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Журналистер министрден Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды эвакуациялауға кеткен шығындардың өтелуі және бұл мәселенің қашан толық шешілетіні туралы сұрады.

Министрдің айтуынша, Үкімет пен әуе компаниясы өз міндетін орындап, азаматтарды елге қайтарды.

«Алғашқы кезеңде шамамен 4 мың адам туралы айтылды. Алайда эвакуация басталған кезде аймақта 10 мыңнан астам қазақстандық бары белгілі болды. Орта есеппен мемлекет бұл шараларға шамамен 4 миллион доллар жұмсады», – деді Нұрлан Сауранбаев.

Ол әуе компаниясының шығындарының бір бөлігі мемлекет тарапынан өтелгенін айтты. Сонымен қатар, кейбір азаматтар билеттерін өздері сатып алған.

«Біз әуе компаниясының бірқатар шығындарын, соның ішінде сақтандыру тәуекелдерін өтедік. Сондай-ақ азаматтарды Дубай және жағдай тұрақты болған жақын маңдағы елдерден жеткізу қажет болды. Жалпы бұл мақсаттарға шамамен 4 миллион доллар жұмсалды», – деді министр.