Президент туралы жаңа заң қабылданды: 1 шілдеден бастап күшіне енеді
Парламент президент туралы заңды қабылдады.
Бүгін Мәжіліс пен Сенат депутаттары Парламент палаталарының бірлескен отырысында "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Конституциялық заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Заң жобасы биыл 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Конституция талаптарына сәйкес әзірленді. Құжат мемлекет басшысының арнайы Жолдауы негізінде парламенттің қарауына енгізілді.
Құжат 8 тараудан және 43 баптан тұрады. Заң жобасында президент пен вице-президенттің құқықтық мәртебесі нақты айқындалған.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың айтуынша, қолданыстағы Конституциялық заңмен белгіленген құқықтық реттеудің негізгі принциптерінің сабақтастығы сақталған. Заң жобасы 2026 жылғы Конституция ережелеріне бейімделгенін атап өтті. Сондай-ақ оған мемлекеттік биліктің жаңа институттарын құруға байланысты нормалар енгізілген. Бұдан бөлек, бұрын қолданыста болған нормалар айтарлықтай пысықталып, редакциялық тұрғыдан жақсартылған.