Қоғам

3,9 миллион теңге: Еңбек министрлігі ең жоғары жалақы сұрайтын маман иелерін атады

Ең көп жалақы сұрайтын мамандық иелері кімдер?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көп жалақы сұрайтын маман иелерін атады. Еңбек биржасында сәуір айында жұмыс берушілер шамамен 104,7 мың бос жұмыс орнын жарияласа, іздеушілер 123,3 мың түйіндеме жіберген., деп хабарлайды  KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Еңбек министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны ұшқыштарға - шамамен 1,9 миллион теңге, бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторларына - шамамен 1,7 миллион теңге, жабдықтарды сынау жөніндегі басшыға - шамамен 1,6 миллион теңге ұсынған.

Сондай-ақ, жұмыс іздеушілердің қатарында да жоғары жалақы сұрайтындар да бар.  Олар: ұшқыштар - шамамен 3,9 миллион теңге, стюардессалар - шамамен 2,1 миллион теңге, бет-жақ хирургтері - шамамен 2 миллион теңге сұраған.

Ал бос жұмыс орындарының саны бойынша білім беру саласы көш бастап тұр - 20,2 мың ұсыныс. Одан кейінгі орында өзге де қызмет түрлері секторы - 15,5 мың бос жұмыс орны.

Сондай-ақ ауыл, орман және балық шаруашылығында (10,7 мың), өңдеу өнеркәсібінде (9,5 мың) және денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету саласында (9,4 мың) жоғары сұраныс сақталған.

Бос жұмыс орындарының ең көп саны Астанада (8,5 мың), Павлодар облысында (7,2 мың), Алматыда (6,7 мың), Ақмола облысында (6,6 мың) және Қарағанды облысында (6,4 мың) тіркелді.

Бос жұмыс орындарының шамамен 46 пайызы орта біліктілік деңгейіндегі мамандарға тиесілі. Жоғары білікті және төмен білікті позициялардың әрқайсысы 27 пайызды құрайды.

Үміткерлердің 39 пайызы - 35 жасқа дейінгі жастар. 35–44 жас аралығындағылар - 28 пайыз, 45–54 жастағылар - 20 пайыз, 55 жастан асқандар - 13 пайыз.

Түйіндемелердің 53 пайызы әйелдерге, 47 пайызы ерлерге тиесілі.