Басты жаңалықтар

Қазақстанда мектеп бітіру кешін мейрамханаларда және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады

Мектеп бітірушілерге кеш ұйымдастыруға, салтанатты шаралар жасауға тыйым салынады.

Елімізде биыл 215 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. Осыған байланысты білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, табиғат аясында өткізуге тыйым салынады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Оқу-ағарту министрлігі 2025-2026 оқу жылының қорытындысын жасады. Министрлік мәліметінше, биыл оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтайды.

“Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға үміткерлер саны 31 мыңнан астам. Ал 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы үміткер. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан “Келешек мектептері” ұлттық жобасы аясында 217 заманауи мектеп пайдалануға берілді. Оның 84-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Қазір бұл мектептерде 220 мыңнан астам оқушы білім алып, 16 мыңға жуық педагог жұмыс істеп жатыр”, – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар министрлік ел бойынша 25 мамыр Соңғы қоңырау қалай өтетінін айтып, оқушыларға жазғы каникул кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер тізімі таныстырылатынын мәлімдеді. 

“Оқу жылының аяқталуына орай 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде “Білімім – Отаныма!” тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Сынып сағаттарында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен жарқын сәттері еске алынады. Сонымен қатар “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі құндылықтарына, білім мен ғылымға құрметті арттыруға, инновациялық ойлауды дамытуға Халықтық Конституцияда айқындалған басты стратегиялық бағыт ретінде ерекше назар аударылады”, – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек ведомствода мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынатынын ескертті.

"Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады", - деп жазылған.