Басты жаңалықтар

Құрбан айт: қазақстандықтарға мал союға қатысты ескерту жасалды

Құрбан айт кезінде малды қай жерде сою және етті сақтау туралы айтылды.

Құрбан айт мерекесі қарсаңында құрбандыққа шалуға мал сою, ет өнімдерін сақтау және тұтыну кезінде санитариялық және ветеринариялық талаптарды сақтау қажеттігі айтылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев құрбандық шалу кезінде инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алуды атап өтті.

“Ең алдымен, құрбандыққа мал сою тек арнайы белгіленген орындарда — ресми мал сою пункттері мен жергілікті атқарушы органдар айқындаған алаңдарда жүргізілуі тиіс екенін еске саламыз”, — деп хабарлады департаменттен.

Мамандандырылған объектілерде қажетті санитариялық жағдайлар қамтамасыз етіледі:

— сою алдында құрбандыққа шалынатын ірі қара немесе ұсақ малға ветеринариялық тексеру жүргізіледі;

— сойылғаннан кейін етке ветеринариялық-санитариялық сараптама жасалады;

— өнімді қауіпсіз сақтау және қалдықтарды кәдеге жарату үшін қажетті жағдайлар қарастырылған.

Аулаларда, жеке секторларда, тұрғын үйлердің маңында немесе басқа да белгіленбеген орындарда малды союға тыйым салынады.

Сондай-ақ, союға тек ветеринариялық тұрғыдан қолайлы шаруашылықтардан шыққан сау малдар ғана жіберіледі.

“Етті сақтау талаптарына ерекше назар аудару қажет. Союдан кейін ет салқындатылған күйде сақталуы тиіс. Ет өнімдерін күннің астында, автокөліктерде немесе бөлме температурасында ұзақ уақыт қалдыруға болмайды”, — деп ескертті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Сондай-ақ келесі ұсынымдарды сақтау маңызды:

- етпен жұмыс істеудің алдында және кейін қолды жуу;

- шикі ет пен дайын өнімдер үшін бөлек пышақтар мен тақтайларды пайдалану;
дайын тағамдарды тек тоңазытқышта сақтау.

“Егер сіз қоғамдық орындарда немесе тұрғын үй секторында малды рұқсатсыз союға куә болсаңыз, 102 нөмірі арқылы полиция органдарына хабарласу қажет. Құрметті тұрғындар! Өз денсаулықтарыңызды сақтап, ет өнімдерін тек арнайы белгіленген сауда орындарынан және ветеринариялық ілеспе құжаттары болған жағдайда ғана сатып алыңыздар, — делінген хабарламада.