Қазақстандықтардың миллиардтаған айыппұлдары кешірілуі мүмкін: рақымшылық кімдерге беріледі
Адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқықбұзушылықтар амнистияға ілінбейді.
Қазақстанда әкімшілік амнистия жүргізу жоспарланып отыр. Оның аясында азаматтардың айыппұлдары мен өсімпұлдарын бірнеше миллиард теңгеге дейін есептен шығару көзделуде. Бұл туралы депутат Снежанна Имашева мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, нақты қанша айыппұл кешірілетіні әзірге белгісіз. Дегенмен амнистияның жалпы сомасы бірнеше миллиард теңгені құрауы мүмкін.
«Негізінен бұл — ішкі істер органдары салған айыппұлдар. Соның шамамен 90 пайызы ІІМ-нің айыппұлдары, ал олардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты», — деді Имашева.
Сонымен қатар адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқықбұзушылықтар амнистияға ілінбейді. Атап айтқанда, қызыл шамға өту, жылдамдықты асыру және мас күйінде көлік жүргізу бойынша салынған айыппұлдар кешірілмейді.
Ал қауіп деңгейі төмен кейбір құқықбұзушылықтар тізімге енгізілуі мүмкін. Олардың қатарында қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік жүргізу кезінде телефон қолдану үшін салынған айыппұлдар бар.
Сондай-ақ депутат амнистия аясында өсімпұлдар мен есептелген айып санкцияларын да есептен шығару жоспарланып отырғанын айтты.