Мәдениет

«Кітап баланың тағдырын өзгертеді» — ең көп кітап оқитын оқушының анасы қалай тәрбие бергенін айтты

Алматы қаласы бойынша өз қатарластарын кітап оқудан басып озған оқушы жайлы ұстазы мен анасы айтып берді.

Алматы қаласындағы №124 мектептің 9 «Ә» сынып оқушысы Қыстаубаев Абдуррахман — еліміздегі ең көп кітап оқитын оқушылардың бірі. 2020 жылы ол Алматы қаласы бойынша «Ең көп кітап оқыған оқушы» атанып, түрлі әдеби байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпазы болды.

KYN.KZ тілшісі кітапқа ерекше құмар жасөспірімнің анасы Торғын Аруынқызымен сұхбаттасып, баланың кітап оқуға деген қызығушылығы қалай басталғанын сұрады.

— Абдуррахманның кітапқа қызығушылығы қашан басталды?

— Ұлымызға бір жарым жасынан бастап әкесі ертегі кітаптар оқып беретін. Әкесінің көзі көрмесе де, Брайль қарпімен жазылған, бедерлі суреттері бар кітаптарды үйге жиі әкеліп тұратын. Кейде бір ертегіні қайта-қайта оқып, тіпті ойдан құрап айтып беретін сәттері де болатын. Сол кезден бастап Абдуррахманның кітапқа деген қызығушылығы оянды деп ойлаймын.

— Баланың әріп тануға деген ынтасы қалай байқалды?

— Үш жасында әріптерге қатты қызығатын болды. Әкесі Брайль қарпімен әріптер жазып, карточкалар жасап үйрететін. Сол кезде әріп танып, оқуға деген талпынысы арта түсті. Әрине, бұл жерде тек ата-ананың еңбегі ғана емес, балабақшадағы тәрбиешілерінің де ықпалы зор болды.

— Ұстаздарының еңбегі туралы не айтасыз?

— Алғашқы балабақшадағы тәрбиешісі Сақыпгүл апай көп нәрсе үйретті. Кейін басқа балабақшаға ауысқанда Лаура апайының да әсері мол болды. Ал мектепке келген соң алғашқы ұстазы Татьяна Жұмайқызы білімін тереңдетті. Кейін сынып жетекшісі болған Зәуреш Бакенқызы да Абдуррахманның жан-жақты дамуына үлкен үлес қосты.

— Ұлыңыз кітаптарды көбіне қайдан алады?

— Кітапханалардан алады, бірақ өзіне ұнаған кітаптарды сатып алғанды жақсы көреді. Кейде “Кітапханада да бар ғой” десем, “Сатып алған кітаптарым өзімде қалады” дейді. Біз баланың бетінен қақпаймыз. Алматыдағы бірнеше кітапхананың тұрақты оқырманы.

— Отбасында кітап оқуға қалай жағдай жасадыңыздар?

— Біз балаларымызды тек кітап ұстатып қоймай, мәдени ортаға жиі апардық. Театр, музей, кітапхана, түрлі кездесу кештері — бәріне бірге баруға тырыстық. Баланың дамуына әсер ететін орта көп. Тек ата-ананың ниеті мен уақыты қажет.

— Қазіргі ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

— Көп ата-ана “уақыт жоқ” деп балалардың кітап оқуына мән бермейді. Бірақ әр ата-ана баласының білімді, саналы болғанын қалайды ғой. Ол үшін еңбек керек. Баланың қызығушылығын түсініп, қолдау көрсету маңызды.

— Кітап көрмелеріне жиі барасыздар ма?

— Иә, әр тоқсан сайын ұйымдастырылатын кітап көрмелеріне арнайы барамыз. Ол жерде кітаптар арзандау бағада сатылады. Бір барған сайын бірнеше кітап алып қайтамыз. Кейде Абдуррахман сертификат ұтып алып, сол арқылы кітап сатып алады.

— Абдуррахманның жетістіктері туралы айтып өтсеңіз?

— 2020 жылы Алматы бойынша ең көп кітап оқыған оқушы атанды. Сонымен қатар, 2022 жылы бір білім орталығының 1 миллион теңгелік грантын жеңіп алып, алты пән бойынша бір жыл тегін оқыды. Қазір де кітап оқуды тоқтатқан жоқ. 9-сыныпты аяқтауға дайындалып, мемлекеттік емтихандарға өз бетімен әзірленіп жүр.

— Ұлыңыздың мінезі қандай?

— Өте қамқор. Үй шаруасына көмектеседі, бауырына жанашыр. Біз әкесі екеуміз үнемі түрлі тақырыпта ашық сөйлесіп отырамыз. Қазіргі қоғамдағы кейбір жағдайлар алаңдатады. Сондықтан бала тәрбиесіне ерекше мән береміз.

Абдуррахманның сынып жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зәуреш Бакенқызы да шәкіртінің ерекше қабілетін атап өтті.

— Абдуррахман қандай оқушы?

— Ол — оқу озаты, тәртібі үлгілі, интеллектуалдық деңгейі жоғары оқушы. Барлық пәннен үздік оқиды. Көркем әдебиетке, тарихи романдар мен ғылыми-танымдық кітаптарға ерекше қызығады. Сөздік қоры бай, ойын сауатты әрі шешен жеткізеді.

— Қандай жетістіктері бар?

— Республикалық «Абайтану» олимпиадасының бас жүлдегері. Сонымен қатар «Шәкәрім оқулары», «Мұқағали оқулары», «Жамбыл оқулары» сияқты байқаулардың жеңімпазы. Мектепте «Bookcrossing» жобасын ұйымдастырып, кітап оқу мәдениетін насихаттап жүр.

Ұстазының айтуынша, Абдуррахман — кітап арқылы өзін ғана емес, айналасындағы құрдастарын да дамуға жетелеп жүрген оқушы.