Депутат «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық қозғалысын құруды ұсынды
“Таза Қазақстан” саяси идеология емес, барлығын біріктіретін ортақ құндылыққа айналуы тиіс.
«AMANAT» фракциясының депутаты Талғат Адамбеков Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновке «Таза Қазақстан» бастамасын күшейту және институцияландыру туралы ұсыныспен депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасы қазірдің өзінде еліміздегі ең ірі қоғамдық жобалардың біріне айналды. Оның сөзінше, бұл бір реттік науқан емес, жаңа экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастырудың маңызды элементі.
Талғат Адамбеков өз сауалында референдумда қабылданған Қазақстан Конституциясында табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығы атап өтілгенін жеткізді.
Сондай-ақ ол Үкіметтің экологиялық жағдайды жақсартуды, инфрақұрылымды дамытуды және өмір сүру сапасын арттыруды көздейтін «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткенін еске салды.
Осыған байланысты депутат «Таза Қазақстан» принциптерін барлық партиялардың саяси бағдарламалары мен жарғыларына енгізуді ұсынды.
«“Таза Қазақстан” саяси идеология емес, барлығын біріктіретін ортақ құндылыққа айналуы тиіс», – делінген сауалда.
Сонымен қатар депутат бастаманы жүзеге асыру үшін жалпыұлттық қозғалыс немесе тұрақты жұмыс істейтін штаб құруды ұсынды. Оның пікірінше, «Таза Қазақстан» идеясы қоғамды ұйыстыруда зор әлеуетке ие.
Бұдан бөлек, ол бастама аясындағы жобалар мен іс-шаралар туралы ақпарат тарату үшін арнайы цифрлық платформалар мен сайттарды іске қосу қажет деп санайды.
Адамбеков қазіргі уақытта негізгі экологиялық акциялар көбіне көктем мен күзде өткізілетінін атап өтті. Осыған байланысты ол жылдың басқа мезгілдерінде де ауқымды экологиялық жобаларды ұйымдастыруды ұсынды.
Оның пікірінше, қоқыс тазалау, сондай-ақ табиғи және тарихи нысандарды түрлі жазулар мен граффитиден тазарту акцияларын жүйелі түрде өткізіп тұру қажет.
Сонымен қатар депутат ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін жаңбыр мен еріген қар суын жинау, тазарту және сақтау жүйелерін дамытуды ұсынды.
Сондай-ақ елді мекендер арасындағы автожолдардың бойында көпжылдық ағаштардан «жасыл дәліздер» құру керек деп есептейді. Адамбековтің пайымдауынша, мұндай орман алқаптары қыста қар басу қаупін азайтып, трассалардың жабылуын қысқартуға көмектеседі.