«Астана» футбол клубының Чемпиондар лигасындағы табысы қандай?
Елорадалық футбол клубы Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде черногориялық «Сутьесканы» (3:0) жеңіп, өз бюджетін толықтыра түсті.
Қазақстандық команда өз алаңында 1:0 (Мұртазаев) есебімен, ал қонақта - 2:0 (Деспотович, Мужиков) есебімен жеңді. «Астана» бірінші іріктеу кезеңіне қатысқаны үшін УЕФА-дан 280 мың еуро, ал екіншіге шыққаны үшін - тағы 380 мың еуро алды. Осылайша, клубтың 2018/19-маусымындағы нақты табысы дәл қазір 660 мың еуроны құрап отыр. «Астана» өткен маусымда Чемпиондар лигасының плей-офф раундына дейін жетті, алайда шотландиялық «Селтиктен» жеңіліп, турнирден шығып қалған болатын. Кейін қазақстандық клуб Еуропа Лигасының тобына кіріп, екінші орынға ие болды және плей-оффқа шықты. «Астана» 1/16 финалда португалдық «Спортингке» есе жіберді. Клуб 2017/18-еуромаусымында телеарналық және маркетингтік құқық сатылымын қоспағанда, 8,18 миллион еуро алды.