Ең көп кітап оқыған алматылық оқушы: Кітап – менің өмірімді өзгерткен әлем
Алматы қаласындағы №124 мектептің оқушысы Абдуррахман Қыстаубаев бүгінде кітапқа деген ерекше қызығушылығымен көпшілікке үлгі болып жүр.
100-ден астам кітапты толық оқып шыққан жас оқырман түрлі байқаулар мен олимпиадаларда топ жарып, білім жолында биік белестерді бағындырып келеді. KYN.KZ тілшісі Абдуррахманның кітапқа деген сүйіспеншілігі, сүйікті жанрлары мен болашақ арманы туралы сұхбаттасқан едік.
— Кітапқа деген қызығушылығыңыз қашан оянды?
— Кітапқа деген қызығушылығым бала кезімде оянды. Әкем мен анам маған ертегі оқып бергенде ерекше әсерленетінмін. Сол кезден бастап кітаптың сиқырлы әлеміне еніп кеттім.
— Сіздің кітап оқуға деген ынтаңызды кім қалыптастырды?
— Бұл қызығушылықты оятқан – ата-анам. Олар маған ертегі оқып қана қоймай, кітаптың адам өміріндегі маңызын түсіндірді. №124 мектептің табалдырығын аттаған шақта ұстаздарым кітаптың басқа да ерекше қырларын аша бастады. Кітапқа деген махаббатымды оятқан Татьяна Жұмайқызына және мені түрлі байқаулар мен ғылыми жобаларға қатыстырып, үнемі қолдау білдіріп жүрген Зауреш Бакенқызы апайыма алғысым шексіз.
— Қандай жанрдағы кітаптарды оқығанды ұнатасыз?
— Қазір менің сүйікті жанрларым – фантастика мен көркем әдебиет. Фантастика қиялды шексіз кеңейтсе, көркем әдебиет адам жанының тереңдігін ашып, өмірді басқа қырынан көруге мүмкіндік береді.
— Осы уақытқа дейін қанша кітап оқыдым деп ойлайсыз?
— Толық оқып шыққан кітаптарымның саны 100-ден асады. Ал белгілі бір тақырыптарға дайындық ретінде қараған кітаптарды қоссақ, саны 500-ден де асып кетуі мүмкін. Нақты санап көрмеппін. Ол үшін көптеген кітапханалардағы формулярларымды қарап шығу керек шығар. Негізі, кітапты сан үшін емес, өзім үшін оқимын. Қазір оқып жүрген кітаптарымның қатарында “Алжернонға арналған гүл”, Мирас Кесебаевтың “Нағыз жігіт” еңбегі, Джерри Алан Уайттың “Ночные истории” кітабы мен Санжар Керімбайдың “Бейсен және болмыс” шығармасы бар.
— Болашақта кім болуды армандайсыз?
— Мен халықтың дертіне шипа болатын, өскелең ұрпақтың амандығына үлес қосатын дәрігер болғым келеді.
— Көп кітап оқудың қандай пайдасын көрдіңіз?
— Кітап оқу адамның ойлау қабілетін дамытады, сөздік қорын байытады әрі шығармашылыққа жол ашады. 2020 жылы “Жыл оқырманы” номинациясын жеңіп алып, Алматы қаласындағы кез келген кітапханадан кітап алуға мүмкіндік беретін “алтын формулярға” ие болдым. Бұл жетістігімнің пайдасын әлі күнге дейін көріп келемін. Сонымен қатар “Sprint Study” курсының пәндік олимпиадасына қатысып, 1-орын алып, 1 миллион теңге ұтып алдым.
— Қатарластарыңыз сіздің кітапқа қызығушылығыңызды қалай қабылдайды?
— Қатарластарым менің кітапқа деген қызығушылығымды құрметпен қабылдайды. Қиындық туындаса, менен ақыл-кеңес сұрап жатады.
— Достарыңыздың арасында кітап оқуды жақсы көретіндер бар ма?
— Иә, достарымның ішінде де кітап оқуды жақсы көретіндер бар. Біз кейде бір-бірімізге қызықты шығармаларды ұсынып, пікір алмасамыз.
— Бүгінгі балалардың кітапқа қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
— Бастауыш сынып оқушыларының кітапқа қызығушылығын арттыру үшін ересектер оларға қызықты кітаптар таңдап беріп, бірге оқып, талқылауы керек. Ең бастысы – баланың оқыған әрбір кітабына қуанып, оны мақтап отыру қажет.