Қоғам

Ботагөз Омарова «ВД Строй-Инжинирингке» қатысты жарияланымдарын жоққа шығарды

Үйқамақта отырған журналист Ботагөз Омарова «ВД Строй-Инжиниринг» компаниясына қатысты бұған дейін жасаған зерттеу материалдарын теріске шығарып, ресми мәлімдеме жасады. Оның үндеуі жеке Telegram арнасында жарияланды.

Мәлімдемеде журналист өз тарапынан тараған ақпараттардың шындыққа сәйкес келмейтінін атап өткен. Омарова 2026 жылдың 20 ақпаны мен 7 наурызы аралығында «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС мен оның директоры Азамат Үсімбековке қатысты қызметкерлерге жалақы мен қарыз қаражатын төлемей отыр деген сипаттағы жалған деректер таратқанын мойындаған.

Сондай-ақ ол бұл жарияланымдар компания мен оның басшылығының іскерлік беделіне және заңды мүдделеріне зиян келтіргенін айтып, кешірім сұрады.

«Таратылған мәліметтердің салдарынан компанияның және оның құрылтайшыларының құқықтарына нұқсан келді. Осы үшін өкініш білдіріп, ресми түрде кешірім сұраймын», – делінген жазбада.

Ботагөз Омарова өз мәлімдемесінде Қылмыстық кодекстің 274-бабында қарастырылған көрінеу жалған ақпарат тарату талабын бұзғанын түсінетінін және оған өкінетінін де жеткізген.

Еске салсақ, журналист наурыз айында полицияға шақырылып, кейін екі ай мерзімге үйқамаққа алынған болатын. Кейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Омароваға қатысты тергеу амалдарының аяқталғанын және істің жақын уақытта сотқа жолданатынын хабарлаған.

Айта кетейік, Ботагөз Омароваға қатысты аталған 274-бап қоғамда жиі талқыға түсіп келеді. Журналистер мен құқық қорғаушылар бұл баптың кей жағдайда қысым көрсету құралына айналып отырғанын айтып, оны қылмыстық құқық бұзушылық санатынан алып тастауды ұсынып жүр.