Атырауда шетелдік нөмірлі көлік иелері жаппай жиналды: полиция мән-жайды түсіндірді
Атырауда “Салтанат сарайы” маңына шетелдік тіркеудегі автокөлік иелері көптеп жиналып, әлеуметтік желіде қызу талқылау тудырды. KYN.KZ агенттігінің хабарлауынша, оқиға орнына екі жүзден астам жүргізуші келген.
Жүргізушілердің алаңдауына басқа аймақтардан келген полиция қызметкерлерінің рейд жүргізіп жатқаны себеп болған. Көпшілік көліктердің тіркеу құжаттары мен сақтандыру полистеріне жаппай тексеру жүргізіледі деп қауіптенген.
Оқиғаға байланысты Атырау облыстық полиция департаменті ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, қалада кең көлемді жедел-профилактикалық шара өтіп жатыр.
Полицияның хабарлауынша, Атырауда қосымша жұмылдырылған күштердің қатысуымен гарнизондық саптық байқау ұйымдастырылған. Сонымен қатар өңірде 21-23 мамыр аралығында “Құқықбұзушылыққа тосқауыл” атты арнайы іс-шара басталған.
Шараға Астана қаласы, Қарағанды және Қостанай облыстарынан қосымша полиция жасақтары тартылғаны айтылды.
Полиция өкілдері жүргізіліп жатқан тексерулер белгілі бір санаттағы жүргізушілерге бағытталмағанын атап өтті. Олардың сөзінше, бақылау барлық жол қозғалысына қатысушыларға бірдей жүргізіледі.
“Жергілікті тіркеудегі көліктер де, транзиттік немесе шетелдік нөмірлі автокөліктер де бірдей тексеріледі. Негізгі мақсат – жол ережесін бұзу фактілерінің алдын алу және құқықбұзушылықтарды анықтау”, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.