Қазақстандықтардың айыппұлдары кешіріледі: амнистияның жобасы жарияланды
Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған адамдар амнистияға ілігуі мүмкін.
Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты амнистия туралы заң жобасы жарияланды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жобаға сәйкес, қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған адамдар амнистияға ілігуі мүмкін.
Сондай-ақ ауырлығы орташа қылмыс жасаған азаматтар да амнистияға жатқызылуы мүмкін. Бірақ мұндай қылмыс салдарынан залал келмеуі, келтірілген залал толық өтелуі немесе азаматтық талап қойылмауға тиіс.
Амнистия төмендегі адамдарға қолданылмайды:
- жемқорлық қылмыс жасағандарға;
- террористік қылмыс жасағандарға;
- экстремистік қылмыс немесе экстремизм белгілері бар қылмыс жасағандарға;
- кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағандарға;
- азаптау фактісі бойынша сотталғандарға;
- қылмысты қайталап немесе қауіпті қайталап жасағандарға;
- өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға;
- қылмыстық топ құрамында қылмыс жасағандарға;
- жазасын толық өтеп қойған адамдарға;
- жазасын өтеу кезінде қасақана қылмыс жасағандарға;
- сот үкімі сырттай шығарылған.
Бұдан бөлек әкімшілік амнистия бойынша Қазақстан азаматтары, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, заң консультанттары, сондай-ақ қандас мәртебесі бар адамдар әкімшілік айыппұлдан босатылуы мүмкін. Алайда әкімшілік амнистия да бәріне бірдей қолданылмайды. Заң жобасына сәйкес, сот әкімшілік жаза тағайындаған адамдар және бірқатар әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар амнистияға ілікпейді.
Амнистия 2026 жылғы 17 наурыз күнгі сағат 24:00-ге дейін жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты қарастырылып отыр.