"Қызымның тума бет-әлпеті қайтып келмейді": Түркістан облысында 5 жасар қызды төбет талап тастаған
Ескі Иқан ауылында басқа балақайлармен көшеде ойнап жүрген бес жасар қызға кенеттен ит тап берген.
Түркістан облысында бұралқы иттер бірнеше баланы талап тастады. Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылында бес жасар қызды үлкен төбет қапса, көршілес Жаңа Иқан ауылында тазы тұқымдас ит бірнеше адамға шабуыл жасап, 12 жастағы ұлды талаған. Қазір екі балақай да Түркістан қаласының балалар ауруханасында жатыр. Қазір қос ауылдың жұрты көшеге шығуға қорқып қалған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Ескі Иқан ауылында басқа балақайлармен көшеде ойнап жүрген бес жасар қызға кенеттен ит тап берген. Төбелеске шығып жүрген төбет қаршадай қызды жәукемдеп тастапты. Сажиданың шыңғырған дауысына жеткен ересектер итті қуып, қызды ауруханаға жеткізген. Сажиданың анасы қызы қазірге дейін шошитынын айтады.
«Мейлі, мың жерден пластикалық ота істетсе де, қызымның тума бет-әлпеті қайтып келмейді ғой, мен өзім табиғи, Құдай берген бет-әлпетін сағынам ғой, сол өкініш менде қалып кетті. Бақандай төрт сағат операция істеп, бірінші , Алла, қала берсе, осы қаланың балалар ауруханасының дәрігерлеріне рақмет, солардың арқасында қызымды аман алып қалды», қыздың анасы Дилафруз Халикова.
Кішкентай бүлдіршін «адам шошырлық күйде түсті» деген дәрігерлер Сажидаға әлі ем-дом жасап жатыр. Қызға медициналық көмекпен бірге, психологиялық жәрдем керек, дейді ақ халаттылар.
«Травматикалық шок алған, қатты шошыған және де бас жағында жарақаттар бар, құлаған» дейді Түркістан қаласы балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Гүлжазира Бердіәзимова.
Ал бұл видеоны Жаңа Иқан ауылының тұрғындары түсірген. Тазы тұқымдас ит көшедегі бірнеше адамға атылып, өріске сиыр айдап бара жатқан 12 жастағы баланы талап тастаған. Қолын тістеп балақайдың иегіне жабысқан итті ит аулаушылар іле-шала өлтіріп, басын кесіп, сараптамаға жіберіпті. Жалпы Ескі Иқан мен Жаңа Иқанның жұрты көшеде бұралқы иттерден шошып қалғанын айтады.
Ал Сауран ауданындағы бұралқылармен күресуге бюджеттен бар-жоғы 6 жарым миллион теңге бөлініпті. Бұл қаржыға қаңғыған итті аулау, екпе жүргізу мен қажет болса, жою кіреді екен. «Бір айдың ішінде 50-ге тарта ит ауладық» деген жауаптылар ешқайсынан құтыру белгісі анықталмады деп отыр.
«Қараусыз қалған иттер болса, оны жоюға жібереміз, бұралқы итті жоюға жібереміз. 50 иттің 20-на жуығының көзі жойылған. Қаңғыған иттер, қоқыс тастайтын полигонда жүрген иттер бар, егер мойнында қарғыбауы бар ит болса, оған екпе егіп, иесіне қайтарамыз», - деді Сауран аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ербол Насыр.