Атырауда зейнеткер әйелін пышақтап тастады: мұғалімнің өліміне қатысты сот басталды
Ер адам әйелін ұйықтап жатқан кезде пышақтап тастаған.
Атырауда күйеуінің қолынан қаза болған ұстаздың өліміне қатысты сот процесі басталды. Әйелін пышақтады деген зейнеткерге адам өлтiру бабы бойынша айып тағылған. Бұрын-соңды арасында «кикілжің болғанын білмедік» деген жәбірленуші тарап әділ жаза талап етіп отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
«Жолдасының төрт баласы бар, өзі екі бала асырап алды. Сол алты баланы асырап келді ғой. Осы болған оқиғадан кейін шок болдық. Оған дейін дым естіген жоқпыз. Бізге білдіртпей жүрмесе», - дейді жәбірленуші Мүслима Елеусінова.
Жұбайының қолынан қаза болған ұстаз Әлия Елеусінова 58 жаста болған. Күйеуімен 13 жыл отасқан. Ортақ некеден екі бала, ал сотталушының бұрынғы некесінен төрт баласы бар. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, 63 жастағы сотталушы Сәрсен Өтеулиев әйелін түн ішінде баласының қасында жатқан жерінде пышақтаған. Марқұмның денесінен 11 жерден пышақ ізі анықталыпты. Ол бұл жантүршігерлік әрекетті қасақана, тіпті, сау күйінде істеген. Сотта ол мұны өз қолымен жасағанын, жедел жәрдемді де өзі шақырғанын айтып жылады.