Басты жаңалықтар

Мектеп бітіру кешін тойханалар мен  демалыс орындарында өткізуге қатаң тыйым салынды

Оқу-ағарту министрлігі мен Алматы облысының әкімдігі бірлескен тиісті бұйрық бекітті. Құжатқа сәйкес, соңғы қоңырауға ақша жинауға, кортеж жалдауға жол берілмейді.

Қазақстанда мектеп бітіру кештерін мейрамхана, демалыс базасы мен коттедждерде өткізуге ресми түрде тыйым салынды. Енді түлектерге арналған барлық шара тек мектеп аумағында ұйымдастырылады. Сондай-ақ ақша жинау, кортеж жалдау және бейресми кеш өткізуге жол берілмейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.

Мектеп бітіру кешін тойханалар мен  демалыс орындарында өткізуге қатаң тыйым салынды. Ал түлектерді марапаттау мен мектеппен қоштасуға арналған шараларды тек білім беру ұйымдарының аумағында ғана өткізуге рұқсат. Осыған байланысты оқу-ағарту министрлігі мен Алматы облысының әкімдігі бірлескен тиісті бұйрық бекітті. Құжатқа сәйкес, соңғы қоңырауға ақша жинауға, кортеж жалдауға жол берілмейді.

Алматы облысы білім басқармасының басшысы Қайрат Жұмановтың айтуынша, соңғы қоңырау түлектер үшін маңызды мереке.

Алайда басқарма мектеп бітіру кештерінің шектен тыс шығынмен және ересектердің бақылауынсыз өтуіне жол бермейді.

Оның сөзінше, осыған байланысты арнайы бұйрық облыстағы 497 мектептің барлығына жолданған.

"Мектеп бітіру кешін мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында, коттедждерде және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады. Сондай-ақ таңды қарсы алу шараларына, от жағу басындағы жиындарға және балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін өзге де бейресми іс-шараларға жол берілмейді. Сыйлықтарға, безендіруге, жалға алуға және басқа да шығындарға ата-аналар мен оқушылардан ақша жинауға қатаң тыйым салынады", – деді Қайрат Жұманов.

Алматы облысы полиция департаменті басқармасының бастығы Еркебұлан Ахметовтің айтуынша, 25 мамырда полиция бақылауды күшейтеді. Оның сөзінше, түлектердің кортеж ұйымдастырып, бейберекет думандатуына жол берілмейді. Осыған байланысты мамандар ата-аналарды балаларын бақылауда ұстап, олардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

"Ең өкініштісі, мұндай фактілерден соң адам денсаулығына зиян келуі, тіпті жас жеткіншектің өмірі қиылуы мүмкін. Сондықтан ата-аналарды балаларының қайда және кіммен жүргеніне бейжай қарамауға шақырамыз. Білім басқармасы өкілдері соңғы қоңыраудан кейін де балалардың қауіпсіздігі ерекше бақылауда болатынын айтты. Оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін облыс бойынша 33 жазғы лагерь жұмыс істейді", – деді Еркебұлан Ахметов.

Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Атенбекова осыған байланысты барлық лагерь санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы бойынша қатаң тексеруден өткенін айтады.

"Тамақ өнімдерінің сапасы, сумен жабықтау жүйесі, жатын орындар мен медициналық қамтамасыз ету мәселелері бақылауға алынды. Сонымен қатар лагерьлер бейнебақылау камераларымен жабдықталып, күзет күшейтілді", – деді Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары.

Айта кетейік, биыл Алматы облысында 18 жарым мыңнан астам оқушы 11 сыныпты аяқтайды. Оның ішінде 1 844 оқушы "Алтын белгіге" үміткер болса, тағы 1 680 түлек үздік аттестат алуға ниетті.