Жасөспірімдерді алаяқтық схемаларға тартады: ІІМ қазақстандықтарға ескерту жасады
ІІМ қазақстандықтар мен ата-аналарға ескерту жасады.
Ішкі істер министрлігі мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды алаяқтық схемаларға пайдалану жағдайларына байланысты қазақстандықтар мен ата-аналарға ескерту жасады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Polisia.kzпорталына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, жасөспірімдер ақы үшін сим-карталар мен аккаунттарды тіркеп береді, ал кейін оларды қаскөйлер азаматтарды алдау үшін пайдаланады. Полиция мұндай әрекеттер қылмысқа жәрдемдесу ретінде саралануы мүмкін екенін еске салды.
"Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды тіркеу және оларды бөгде адамдарға беру алаяқтық пен өзге де заңсыз әрекеттерді жасау құралына айналуы мүмкін. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай әрекеттер қылмыс жасауға жәрдемдесу ретінде қаралады", - деп атап өтті ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының бастығы Бейбіт Біржанов.
Ішкі істер министрлігі:
шығу тегі күмәнді sim-карталар мен құрылғыларды сатып алмауға және таратпауға;
өз аккаунттарын үшінші тұлғалардың пайдалануына бермеуге;
кәмелетке толмағандарға мұндай әрекеттердің жауапкершілігі мен салдарын түсіндіруге;
абоненттік нөмірлерді мессенджерлерде тіркеп, кейін оларды бөгде адамдарға бермеуге;
күдікті әрекеттер байқалса, құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.