Қоғам

Astana AI Film Festival әлемнің түкпір-түкпіріндегі креаторлардан халықаралық AI-фильмдер байқауына қатысуға өтінім қабылдауды бастады

Astana AI Film Festival халықаралық AI-фильмдер байқауы әлемнің түкпір-түкпіріндегі креаторлардан өтінім қабылдауды бастады.

Astana AI Film Festival фестивалінің ресми сайты aaiff.ai әлемнің түкпір-түкпіріндегі креаторлардан халықаралық AI-фильмдер байқауына қатысуға өтінім қабылдауды бастады. Астанада өткен баспасөз конференциясында жобаның тұжырымдамасы, байқау бағдарламасы және іске қосу кезеңі таныстырылды.

 

​Фестиваль ұйымдастырушысы Алмас Жәлидің айтуынша, байқау бағдарламасы екі секциядан тұрады: «The future worth living in» («Өмір сүруге тұрарлық болашақ») тақырыбына арналған негізгі секция және үздік режиссура, визуалды тіл, оқиға, концепция және кейіпкер номинациялары бойынша ашық секция.

 

​Байқаудың негізгі талабы — фильмнің full AI технологиялары арқылы жасалуы. Яғни, жасанды интеллект қосымша құрал ретінде емес, туындыны жасаудың негізгі инструменті ретінде қолданылуы тиіс. 

 

​«Фестиваль 2026 жылғы 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Астанада Astana AI Week — жасанды интеллект апталығы аясында өтеді. Бұл AAIFF-ті елдегі ірі технологиялық іс-шаралармен байланыстырып, фестивальдің халықаралық мәртебесін күшейтеді», — деді Алмас Жәли.

 

​Байқауға қатысу тегін және жас ерекшелігіне немесе кәсіби тәжірибесіне қарамастан барша ниет білдірушілерге ашық. Қатысушылар ұзақтығы 10 минутқа дейінгі қысқаметражды AI-фильм әзірлеп, оны жобаның сипаттамасымен бірге aaiff.ai фестиваль платформасына жүктеуі қажет.

 

​«Өтінім фестивальдің ресми сайты арқылы қабылданады. Жұмысты екі жолмен жіберуге болады: YouTube платформасына жүктеп, сілтемесін көрсету немесе Google Drive сервисіне жүктеп, сілтемесін жолдау. Барлық өтінімдер ұйымдастырушылардың бірыңғай базасында тіркеледі және жүргізіледі. Сондықтан авторларға өтінім мәртебесін бақылауда ұстаудың қажеті жоқ», — деді жоба авторларының бірі Айзатулла Хуссейн.

 

​YouTube платформасына жүктелген видеолардың сипаттамасында міндетті түрде «Special for Astana AI Film Festival» тіркесі, автордың аты-жөні және #SpecialForAAIFF хэштегі көрсетілуі тиіс.

 

​Іріктеу қорытындысы бойынша AAIFF командасы мен халықаралық сарапшылар негізгі секциядан 10 және ашық секциядан 15 жұмысты таңдап алады. Финалистерді киноиндустрия, AI-қоғамдастық және creative tech саласының өкілдерінен құралған халықаралық қазылар алқасы бағалайды.

 

​Өтінім қабылдау 2026 жылғы 15 тамызға дейін жалғасады. Байқау финалистері қыркүйек айында жарияланып, көрсетілімдер мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Astana AI Week аясында Астана қаласында өтеді.

 

​Аталмыш жоба - жасанды интеллект технологияларының көмегімен жасалған фильмдерге арналған халықаралық фестиваль. Алаң авторларды, digital-креаторларды, технологиялық компаниялар өкілдерін, сарапшылар мен инвесторларды біріктіреді. Фестивальдің жалпы жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайды.

 

​Фестиваль аясында көрсетілімдер, AI-контентке арналған конференция, панельдік пікірталастар, сондай-ақ авторлар мен продюсерлерге арналған pitch-сессиялар ұйымдастырылады. 

 

Ұйымдастырушылар фестивальді жыл сайын өткізіп, оны AI-кино мен цифрлық шығармашылықтың жаңа бағыттарын дамытуға арналған тұрақты халықаралық платформаға айналдыруды жоспарлап отыр.