Әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған жол апаты: Zeekr көлігінің жүргізушісі сотта кешірім сұрады
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында жол-көлік апатына қатысты сот басталды.
Алматыда Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы бойынша сот отырысы басталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында алдын ала тыңдау өтіп жатыр.
Үш кәмелетке толмаған баланың әкесі, 32 жастағы бизнесмен Александр Пак сот отырысында кешірім сұрады.
"Мен сіздерге қандай қайғы әкелгенімді түсінемін. Мен заңға сай жазамды өтеуге дайынмын", – деді ол.
Сотталушының адвокаты Пактың кәмелетке толмаған балалары үшін фото және бейнежазбаға тыйым салу туралы өтініш берді. Зардап шеккен тараптың адвокаты Олег Чернов бұл мәселе соттың қарауында екенін атап өтті.
Сотталушы алқабилер сотынан бас тартты.
"Мас күйінде ол жол қозғалысы ережелерін әдейі елемей, жалған нөмірлі көлік жүргізіп, Әл-Фараби көшесімен батысқа қарай жүріп кеткен. Апат болуы мүмкін екенін болжап, сақтық шараларын қолданбаған. Жылдамдық шегінен 80 км/сағ-тан асыру арқылы ол басқа жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Ол Әл-Фараби көшесімен шығысқа қарай жүріп келе жатқан Mercedes көлігімен соқтығысты", – деді прокурор.
Прокурордың айтуынша, сотталушы орташа дәрежеде мас болған. Сонымен қатар сараптамаға сәйкес, Zeekr көлігінің қарсы қозғалысқа шыққаннан кейінгі жылдамдығы сағатына 219 км болуы мүмкін еді.
Еске салсақ, 21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды.
Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды.