Қоғам

Қарағандыда алтыншы қабаттан құлаған 3 жасар сәби аман қалды

3 жасар сәби алтыншы қабаттан құлап кетті.

Қарағандыда патрульдік полиция қызметкерлері үш жасар сәбидің өмірін сақтап қалды. Ол алтыншы қабаттан құлап кеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі  Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, Қарағандыда 3 жасар сәби алтыншы қабаттан құлап кетті. Көмекке алғашқылардың бірі болып патрульдік полиция қызметкерлері Ілияс Атбеков пен Магомед Якубов жеткен.

"Сол сәтте әрбір секунд қымбат еді. Тәртіп сақшылары жағдайды дереу бағамдап, зардап шеккен сәбиді абайлап қызметтік көлікке орналастырған. Арнайы дабыл шамдарын қосып, баланы ауруханаға шұғыл жеткізген полицейлердің жедел әрекетінің арқасында дәрігерлер дер кезінде қажетті медициналық көмек көрсетіп, сәбидің өмірін аман алып қалды. Оқиға куәгерлері мен ата-анасы қатты абыржып қалғандықтан, полицейлердің есімдерін сұрап үлгермеген. Ал кішкентай науқасты дәрігерлерге тапсырғаннан кейін полиция экипажы қайтадан патрульдік қызметіне кіріскен", - делінген хабарламада.

Кейін тәртіп сақшыларын тұрғындар полиция көлігінің борт нөмірін есте сақтап қалған қырағы көршілердің көмегімен тапқан.

"Үйіміздің барлық тұрғынының атынан оларға шексіз алғысымызды білдіреміз. Осындай жанашыр әрі батыл азаматтардың бар екеніне ризамыз", — деп жазып жатыр қала тұрғындары.