Қоғам

Bloomberg: Қазақстан сын-қатерлерді мүмкіндікке айналдыруды үйренді

Bloomberg Қазақстанды жаңа әлемдік экономиканың басты бенефициарларының бірі деп атады

Американың беделді Bloomberg басылымы Қазақстан туралы көлемді сараптамалық мақала жариялап, елімізді жаһандық өзгерістерге сәтті бейімделген мемлекеттердің бірі ретінде бағалады.

Мақала авторларының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан халықаралық тұрақсыздық жағдайында өз тұрақтылығын сақтап қана қоймай, Еуразиядағы маңызды экономикалық, логистикалық және технологиялық орталық ретіндегі орнын нығайтқан.

Bloomberg бұл өзгерістердің символы ретінде Астананы атайды. Басылымның жазуынша, осыдан ширек ғасыр бұрын қазіргі елорда кең даладағы шағын қала болса, бүгінде ерекше сәулеті мен ауқымды инфрақұрылымдық жобалары бар заманауи мегаполиске айналған.

«Астана ең алдымен өзі білдіретін мағынасы арқылы қызықты», – деп жазады Bloomberg.

Дегенмен, мақалада басты назар елдің сыртқы келбетіне емес, оның жаңа геоэкономикалық жағдайдағы рөліне аударылған.

Bloomberg бағалауынша, Қазақстан әлемдегі ірі нарықтарды байланыстыратын маңызды буынға айналып келеді. Әсіресе, Қытай мен Еуропаны жалғайтын негізгі жүк тасымалы бағыттарының бірі саналатын Транскаспий халықаралық көлік бағытына (Орта дәлізге) ерекше мән берілген.

Басылым жаһандық логистикадағы өзгерістер аясында Қазақстан өзінің географиялық орналасуын стратегиялық артықшылыққа айналдырып, Еуразиядағы маңызды транзиттік хаб ретінде позициясын күшейткенін атап өтеді.

«Ел Қытай, Ресей және Еуропа арасындағы орналасуын экономикалық артықшылық ретінде тиімді пайдаланып отыр», – дейді Bloomberg.

Сонымен қатар мақалада Қазақстанның жаһандық сын-қатерлерді өз дамуына пайдалана білу қабілеті ерекше көрсетілген. Авторлардың пікірінше, ел халықаралық нарықтардағы өзгерістерге, энергетикалық дағдарыстарға және логистикалық тізбектердің қайта құрылуына бейімделіп, сауда мен инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктерін аша алған.

Bloomberg Қазақстанның цифрлық трансформациясына да кеңінен тоқталған. Басылым елді өңірдегі цифрландыру көшбасшыларының бірі деп атап, электронды үкіметтің жоғары деңгейде дамығанын және мемлекеттік басқаруға цифрлық сервистердің белсенді енгізіліп жатқанын жазған.

Жасанды интеллект саласындағы жоспарлар да басылымның назарын аударған. Мақалада бұл бағыттың мемлекеттік басымдықтардың біріне айналғаны және Қазақстанның жаңа технологиялық дәуірге қажетті мамандар даярлауға ерекше көңіл бөліп отырғаны айтылған.

«Қазақстан жасанды интеллект пен цифрлық инновациялар бойынша өңірлік орталыққа айналуға ұмтылады», – деп жазады авторлар.

Халықаралық инвесторлардың қызығушылығын арттырып отырған факторлар қатарында Bloomberg Astana Hub, деректерді өңдеу орталықтарының дамуы, стратегиялық маңызы бар минералдар саласындағы жобалар және Астана халықаралық қаржы орталығының қызметін атап өткен.

Басылым сондай-ақ елдің демографиялық әлеуетіне назар аударған. Қазақстан халқының жартысына жуығы 30 жасқа толмаған. Авторлардың пікірінше, бұл инновациялық экономика мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға берік негіз қалайды.

Жалпы, Bloomberg Қазақстанды шикізаттық экономика шеңберінен шығып, технологияларға, логистикаға, адами капиталға және халықаралық ынтымақтастыққа басымдық беріп отырған мемлекет ретінде сипаттайды.

Мақаланың негізгі қорытындысы – Қазақстанды әлемдік бизнес қауымдастығы бұрынғыдай шеткері нарық емес, дербес экономикалық өсім орталығы және Еуразияның жаңа экономикалық архитектурасын қалыптастырып жатқан маңызды ойыншылардың бірі ретінде қабылдай бастады.