Зейнетақы реформасы қайта қаралады - Еңбек министрі
Қазіргі зейнет жасы Әлеуметтік кодексте бекітілген және өзгертілмейді.
Қазақстанда жақын арада зейнет жасын көтеру жоспарланбайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Үкіметтегі брифинг барысында журналистер Қазақстанда зейнет жасын арттыру, міндетті зейнетақы жарналарын көбейту немесе басқа да өзгерістер енгізу жоспарланып отырғанын сұрады.
Ертаевтың айтуынша, қазіргі зейнет жасы Әлеуметтік кодексте бекітілген және өзгертілмейді.
«Әлеуметтік кодекске сәйкес, ерлер үшін зейнет жасы – 63 жас. Әйелдер үшін қазіргі таңда 61 жас болып белгіленген және бұл норма 2028 жылға дейін сақталады. Одан кейін 2032 жылға дейін кезең-кезеңімен 63 жасқа дейін көтеріледі», – деді министр.
Сонымен бірге министр зейнетақы жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
«Иә, зейнетақы реформасы қайта қаралады. Осыған байланысты тапсырма берілген. Қазір жұмыс тобы аясында үш жоба қарастырылып жатыр», – деді ол.
Министрдің сөзінше, түрлі зейнетақы үлгілері талқылануда.
«Жинақтаушы қордың “4+1” жобасы ұсынылды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры сақтандыру зейнетақысы моделін ұсынып отыр. Сондай-ақ Сенат депутатының бастамасы бар, оған сәйкес еңбек өтілі 40 жыл болған азаматтар зейнетке ертерек шыға алады. Осы үш ұсыныс қазір жұмыс тобының қарауында», – деп түсіндірді министр.
Ертаевтың айтуынша, түпкілікті шешім ай соңына дейін жариялануы мүмкін.