Қоғам

Мәжіліс кімдер жазадан босатылатынын анықтады

Қылмыстық іс жасап қамалғандардың біразы мерзімін өтемей, рақымшылыққа ілігеді.

Бүгін мәжілісте мақұлданған заң жобасына сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған, сондай-ақ залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамдарға қылмыстық рақымшылық қолданылады, деп хабарлайды KYN.KZ мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған санаттар бойынша қылмыстық істерді, оның ішінде соттардың қарауындағы істерді тоқтату, жазадан босату немесе жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту көзделіп отыр.

Сондай-ақ теріс мінез-құлқы болмаған жағдайда келтірілген залалдың өтелуіне немесе өтелмеуіне қарамастан, орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған және жазасын өтеу мерзімінің аяқталуына бір жылдан аспайтын уақыт қалған сотталушылар жазадан босатылуы мүмкін. Осындай шарттар сақталған кезде ауыр және аса ауыр қылмыс жасап сотталғандар үшін жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту қарастырылған.

Бұдан бөлек сараланған тәсіл көзделген. Атап айтқанда орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған және келтірілген залалды өтемеген адамдар үшін жаза мерзімі жартылай қысқартылады. Залал толық өтелсе, ауыр қылмыстар бойынша жаза мерзімінің үштен бір бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар бойынша төрттен бір бөлігі қысқартылады. Егер залал өтелмеген болса, ауыр қылмыстар бойынша жаза мерзімін қысқарту төрттен бір бөлігін, ал аса ауыр қылмыстар бойынша бестен бір бөлігін құрайды.

Рақымшылықты қолдану туралы түпкілікті шешім әрбір сотталғанға қатысты жеке тәртіпте сотпен қабылданады.

Бұл ретте аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қолданылмайды. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа, терроризмге, экстремизмге қатысты, кәмелетке толмағандардың жыныстық қос сұғылмаушылығына қарсы жасалған, қайталанған қылмыс және қауіпті қайталанған жағдайда жасалған, қоғамдық қаупі жоғары дәрежедегі қылмыстар, сондай-ақ азаптау және жақында қылмыстық жауаптылыққа енгізілген іс-әрекеттер қамтылмайды. Бұған қоса өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына сотталғандар және сырттай сотталған адамдарға рақымшылық жасау қолданылмайды.