4 ауылдасы зорлаған: БҚО-да 30 жыл бұрын зорлықшыдан босанған әйел туған қызын іздеп жүр
30 жыл бұрын әйелді 4 ауылдасы зорлап, біреуінен жүкті болып қалған.
Батыс Қазақстан облысында 30 жыл бұрын болған зорлық-зомбылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде Наташа Қалымбетова есімді әйел 17 жасында өзін 4 ауылдасы зорланғанын айтып, үндеу жасады. Ол небәрі 17 жаста еді. Бұл қорқынышты жағдайдан кейін аяғы ауыр болып қалғанын білген. Бірден Оралдағы педколледжге оқуға кетіп қалады. Жас қыздың жүктілігі бойынша колледж әкімшілігі де курстастарыда білген, бірақ ешқандай қолдау көрсетілмеген. Жас қыз жүктіліктің соңғы айларында қатты ауырып перзентханаға түседі, сол жерде дені сап-сау қыз бала дүниеге келеді. Барар жері жоқ бойжеткенге “баладан бас тартамын” деген қағазға дәрігерлер қол қойдырып алады. Жүктіліктің барлық кезінде ішіндегі нәрестені жек көрген, тіпті өзіне қол жұмсамақ болған қыз 9 күн емізген сәтте балаға деген махаббаты оянады. Бірақ, амал жоқтан баласын балалар үйіне қалдырып, оқуын жалғастырады. Үш жыл қызын көріп тұрады. Соңғы рет барған кезде бала ізім-ғайып жоқ болады. Содан бері әйел қызымен қауышуды армандап жүр.
Қазіргі кезде 20 жастағы ұлды тәрбиелеп отырған Наташа жақында ғана қызының ресми түрде шетел асып, асырап алынғанын білген. Оған Анжелика-Николь деген қос есім беріліп, тегі Боук болып өзгертілген әрі АҚШ немесе Еуропаға әкетілуі мүмкін. Әйелдің басты мақсаты – қызының амандығын біліп, оны өз еркімен тастамағанын түсіндіру.
Бұл іске қатысты құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 120-бабы «Зорлау» бойынша тергеуді бастап кетті.
«Құқық бұзушылықтың ескіру мерзіміне қарамастан қылмыстық іс қозғалды, себебі бұл жыныстық тиіспеушілікке қатысты, қазір тергеу жүріп жатыр және оның мән-жайын аша алмаймын», — деді ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Оның сөзіне қарағанда, қажетті тергеу әрекеттері аяқталған соң міндетті түрде қосымша ақпарат беріледі.