Эбола вирусы: Денсаулық министрі қазақстандықтарға үндеу жасады
Денсаулық сақтау министрлігі ауру тіркелген Африка елдеріне сапарлардан бас тартуға кеңес береді.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Африка елдерінен Эбола вирусының әкеліну қаупіне байланысты туристерге ұсыныстар жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Эбола вирусы – ауыр түрде өтетін аса қауіпті вирустық ауру. Инфекция көзі ретінде ауру жұқтырған жануарлар мен адамдар болуы мүмкін. Вирус қан, биологиялық сұйықтықтар және ластанған заттар арқылы беріледі.
Аурудың жасырын кезеңі (инкубациялық кезеңі) 2 күннен 21 күнге дейін созылады. Негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас және бұлшықет ауруы, құсу, іш өту, тері бөртпесі және қан кетулер жатады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ауру тіркелген Африка елдеріне сапарлардан, әсіресе балалармен бірге барудан, мүмкіндігінше бас тартуға кеңес береді.
Сапар кезінде:
жабайы жануарлармен (приматтар, жарқанаттар) байланысқа түспеу;
жұқпалы ауру белгілері бар адамдармен қарым-қатынастан аулақ болу;
жабайы жануарлар сатылатын базарларға бармау;
тек қауіпсіз ауыз суды пайдалану;
толық термиялық өңдеуден өткен тағамдарды тұтыну;
жеке бас гигиенасы мен алдын алу шараларын сақтау қажет.
Егер сапардан оралғаннан кейін 21 күн ішінде дене қызуы көтеріліп, бас ауруы, бөртпе, құсу, іш өту немесе басқа да жайсыздық белгілері байқалса, дереу медициналық көмекке жүгініп, шетелде болғаныңыз туралы дәрігерге хабарлауыңыз қажет.