"Ақша жоқ болып жатыр, бір баспақты алып кет": айыпталушы Наурыз Мұқанғалиевтің атынан отбасының малын баққандарға хабарлама жазған
Сотта Мақсот Қарабаллин мен әйелі Нәсіп Өтешқалиевтың Жангелдин ауылындағы үйдің сарайында көмілген мүрделері қазып алынған бейнежазбалар қаралды.
Сотта Жангелдин ауылындағы отбасы мүшелерін өлтіру ісі бойынша тыңдалған куәгерлер маңызды деректерді айтты. Олардың сөзінше, үй иелері жоғалып кеткеннен кейін көршілер мен таныстар олардың малын бағуды жалғастырып, марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің телефонынан хабарламалар келіп тұрғанын да жеткізді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ақ жайық басылымына сілтеме жасап.
Соңғы екі куә марқұм отбасының өрістегі малын баққан.
Соның бірі - Жангелдин ауылында тұрғындардың малын жинап өрісте бағады. Марқұм отбасының малы да бағымында болған. Мақсот Қарабалинге тиесілі өрісте жайылып жүрген төрт сиырды былтыр күзде қорасына қамап кеткен.
Марқұмдардың көршісі оған олардың үйінде ешкім жоқ, қорасына қамап кет деген.
Әр сиыр басына баққаны үшін ол 4 мың теңге алған.
Келесі куә да мал қарасқан. Наурыз үй іші Ташкентке емделуге кеткенін, қорада тұрған малдың жем-шөбі, суын беретін адам керек деп күнделікті 3 мың теңге төлеуге келіскен.
Куәнің айтуынша, үш мың теңгені күнде емес, арасында төлеп отырған. Ал 10 мың теңгені қойды (қойкезек) өрісте баққаны үшін төлеген.
Оның айтуынша, ақшаны шамемен 23-25-іне дейін төлеген.
Кейін тағы да сол Наурыздың вотсабынан:
- Менде беретін ақша жоқ болып жатыр, бір баспақты алып кетсейші, - деген хабарлама алған. «Сосын алып кеттім», - деді ол.
Кейін марқұм Мақсот Қарабалинның қарындастары мал сатыла бастағанда “Неге сатып жатыр?” деп сұраған.
- Мал сатушыларға қатысым жоқ, өздері келіскен. Үй иелері Ташкентте деді. Қалада болар деп ойладым, келетін шығар деп күтіп жүрдім, - деді куә.
Соңғы рет осы туралы Наурыздың вотсабына сұрағанда жауап болмаған. Содан кейін Наурыз байланысқа шықпай қалғанын айтты.
Сосын ол Наурыздан вотсаптан жазбаша хабарлама келгенін айтты. «Наурыз жақсы бала, намаз оқитын бала» деді ол.
Бұрын Наурызбен бірге намаз оқығанын, оның номері телефонында сақталғанын, сол себепті өзі жазып отыр деп ойлағанын айтты. Судья оған алаяқтар көбейген уақытта сақ болу керектігін ескертті.
Куә екі жыл бұрын намаз оқуды қойғасын Наурызбен хабарласпай кеткенін, оны екі жыл көрмегенін алға тартты.
Судьяның Наурызбен екі жыл байланыс болмаса, одан келген хабарлама неге күмән тудырмағанын білмек болды.
Куә Наурыз өзі туралы кезінде Сұлтанға айтқан болар деген ойын білдірді.
Мақсот Қарабаллиннің қарындасы одан бір сиыр қайда екенін білгісі келді. Құжат бойынша ағасында 10 мал емес, 11 мал деп жазылғанын, бір сиыр жоқ екенін айтты.
Куә оған малды қабылдап алғанда он мал болғанын, төрт сиыр емес, үш сиыр болғанын айтты.
Куәлардан жауап алынып болған соң сот іс материалдарын зерделеуге көшті.
Алдымен Мақсот Қарабаллин мен әйелі Нәсіп Өтешқалиевтың Жангелдин ауылындағы үйдің сарайында көмілген мүрделері қазып алынған бейнежазбалар қаралды.
Судья психологиялық ауыр тию мүмкін деген себеппен ұзақ уақыт жатып қалған мүрделер түсірілген видеоны түсіруге, жариялауға тыйым салды. Бірақ жерді қазар алдындағы видеоны түсіруге рұқсат етті.
Видео көрсетіліп жатқанда марқұмның қарындастары көз жасына ерік берді. Ал Сәрсемалиевтың өзі басын тік ұстап тұрып теледидар экранына қарап отырды.