Мәулен Әшімбаев Атырау тұрғындарымен Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін талқылады
Каспий теңізі мен Жайық өзенінің проблемалары талқыланды.
Каспий теңізі мен Жайық өзенінің проблемалары Атырау облысының экологиялық тұрақтылығына төнген басты қауіп ретінде танылды. Бұл мәселелер Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарының орындалуын бақылау жөніндегі Парламенттік комиссияның XII отырысында талқыланды.


Сенат Төрағасы Маулен Әшімбаевтың айтуынша, қалыптасқан жағдай су ресурстарын басқарудың бірыңғай әрі жүйелі стратегиясының болмауының салдары болып отыр.
Өңір үшін аса қауіпті салдарлардың қатарында жағалау сызықтарының тозуы, су айдындарының ластануы, балық шаруашылығы көлемінің азаюы, сондай-ақ өңірдің бірегей флорасы мен фаунасына түсетін қысым аталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Каспий теңізі деңгейінің күрт төмендеуі тек өңірлік мәселе болудан қалып, жаһандық сипат алғанын бірнеше рет атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтауға арналған мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеуге бастамашылық етті.

Халықаралық су күн тәртібін ілгерілетуді жалғастыра отырып, Мемлекет басшысы Астанада ШЫҰ аясында Су проблемаларын талдау орталығын құруды, сондай-ақ БҰҰ-ның мамандандырылған агенттігі ретінде Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Жайық өзеніне қатысты мәселе де аса өзекті. Бұл проблемаларды бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Олар ведомствоаралық үйлестіруді, ғылыми негізделген шешімдерді, жергілікті атқарушы органдардың, сарапшылар қауымдастығының, экологиялық қоғамдық бірлестіктердің және халықаралық серіктестердің белсенді қатысуын талап етеді», – деді Маулен Әшімбаев.
Отырыс барысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің, басқа да министрліктер өкілдерінің, қоғамдық және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен пікір алмасу өтіп, аталған мәселелерді шешу жолдары талқыланды.
Сондай-ақ осы күні сенаторлар өңірдегі бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандардың қызметкерлерімен және белсенді жастармен кездесті.