Қоғам

Астанадағы LRT-ға жаңа атау беру ұсынылды

Депутаттар LRT-ға "Тарлан- Астана" атауын беру ұсынысын қолдады.

Бүгін Астана қаласы мәслихатының өткен отырысында талқылау барысында депутаттар LRT-ға "Тарлан- Астана" атауын беру ұсынысын қолдады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

"Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы" ММ басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабек Астана қаласы әкімдігіне қала тұрғындарынан, қоғамдық ұйымдардан және Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалынан елордада таяуда іске қосылған жеңіл рельсті көлік жүйесіне (LRT) атау беру туралы бірқатар ұсыныс келіп түскенін айтады.

"Аталған жеңіл рельсті көлік жүйесі қазіргі таңда қаланың басты қоғамдық көлік желілерінің біріне айналып отыр. Сондықтан бұл жобаға тек LRT деген жобалық инженерлік-техникалық атаумен шектелмей, жеңіл айтылатын, есте сақталатын, әрі заманауи жеке атау беру қажет", - деді ол.

Отырыс барысында комиссия мүшелері бірнеше нұсқаны қарастырды, оның ішінде "Сұңқар", "Лашын", "Құлан", "Аспан", "Тарлан" және тағы басқа атаулар болды.

Қорытындылай келе, комиссия мүшелері Астана LRT жеңіл рельсті көлік жүйесіне "Тарлан-Астана" атауын беру туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.

Енді бірлескен жоба шешім қабылдау үшін Республикалық ономастикалық комиссияның қарауына ұсынылады.