Қоғам

Министрлікте Эколог күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Бүгін Экология және табиғи ресурстар министрлігінде Эколог күні мен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шараға экология саласының ардагерлері, Парламент депутаттары, министрлік қызметкерлері, ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері мен табиғат қорғау саласының мамандары қатысты.

Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев экологтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау және елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегін ерекше атап өтті.

Министр өз сөзінде Мемлекет басшысының экологиялық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және «жасыл» даму бағытындағы бастамаларына ерекше тоқталып, экология саласында жүзеге асырылып жатқан реформалар мен жобалардың еліміздің тұрақты дамуы үшін маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол экологтардың еңбегі таза қоршаған ортаны қалыптастыруға және табиғи ресурстарды сақтауға қосылған маңызды үлес екенін жеткізді.                                

Мерекелік іс-шара барысында сала дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.                                     

Салтанатты іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Бағдарлама аясында Астана қаласы әкімдігінің №2 Өнер мектебінің педагогтері музыкалық номерлерін ұсынып, табиғат пен экология тақырыбында салған шығармашылық жұмыстарын көрермен назарына ұсынды.                                                                                                 

Экология және табиғи ресурстар министрлігі барлық экологтарды, табиғат қорғау саласының қызметкерлерін және сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, жауапты қызметтеріне табыс тілейді.