Қоғам

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Zeekr жүргізушісіне қатысты жалған айғақ бергендерге қылмыстақ іс қозғалды

Әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты айғақ берген төрт куәгерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты іс бойынша жалған айғақ берген төрт куәгерге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Адвокат Мейірман Шекеевтің айтуынша, Zeekr жүргізушісінің достары қайғылы оқиғаға дейін оның ішімдік ішкенін жасырып, тергеуге жалған айғақ берген.

Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізушінің төрт танысына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Оларға қылмыстық кодексінің 420-бабының 1-бөлігі (Көрінеу жалған айғақ беру) бойынша айып тағылған.

"Алғашқы жауап алу кезінде олар күдікті Пак алкоголь ішпейді деп айтқан. Кейін сараптама оның спирттік ішімдік ішкенін дәлелдеді. Бұдан бөлек, біз мейрамханадағы шотты тексерген кезде онда әртүрлі алкогольдік ішімдіктер сатып алынғаны анықталды. Олардың шоты 480 мың теңге болған", — дейді Мейірман Шекеев.

Сондай-ақ аталмыш жол апатына қатысты үстінен "әрекетсіздік" бабы бойынша іс қозғалған полиция қызметкері де сол отырыста болғаны және мас күйдегі досының қымбат электрокөлік тізгініне отыруына жол бергені белгілі болды.

"Ол да сол жерде қызметтік уақыттан тыс кезде болған және барлығы бірге шыққан. Ол Zeekr көлігін тізгіндеген Пактың мас күйде екенін жақсы білген, бірақ ешқандай әрекет жасамаған. Аталған бап дәл осындай жағдайды – қызметтік міндетін орындамауды қарастырады", – дейді адвокат.

Еске салсақ, 21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жол апаты болып, салдарынан үш адам қаза тапты. 

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.